"Мамандық емес, борыш". Майқайыңдағы апатта болған құтқарушы қандай сезімде болғанын айтып берді

18 Қазан 2024, 17:09
447
Бөлісу:
"Мамандық емес, борыш". Майқайыңдағы апатта болған құтқарушы қандай сезімде болғанын айтып берді
PHOTO
Фото: автордан

Ертіс өңірінің жүздеген құтқарушысы кәсіби мерекесін атап өтеді. Мейрам қарсаңында BAQ.KZ агенттігінің тілшісі саршұнақ аяз бен аптап ыстыққа қарамастан, адамға жәрдемдесуге дайын тұратын қызметкерлермен тілдесті.

Құтқарушыны мамандық емес, абыройлы борыш деп білген азаматтардың қатарында Майқайың кентінде болған апатта қызметтерін атқарған отряд мүшелері бар.

Облыстық төтенше жайдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының жетекшісі Мұхамедқанапия Әбдуәлиев Майқайың кенішінде болған төтенше жағдайда жұмыс істеген құтқарушылар жасағына жетекшілік етті. 14 маман бір жарым ай бойы жүктелген міндеттерін орындады.

Қаңтартың төрті күні таңғы сағат 10.00 шамасында апат орнында болдық. Бастапқыда кеніште топырақ опырылды деген ақпарат түсті. Оқиға орнына жеткенде диаметрі 150 метр, ал тереңдігі 100 метр болатын шұңқырды көрдік. Жер астына автобус құлап кеткен болып шықты. Шұңқырға түсуге аса қауіпті болды, себебі, топырақ тоқтамай опырыла берді, - дейді Мұхамедқанапия Әбдуәлиев.

59 жастағы құтқарушы 14 жылдық тәжірибесінде осы тектес апаттақ-құтқарушылық операция бірінші рет болғанын жасырмады.

"Мамандық емес, борыш". Майқайыңдағы апатта болған құтқарушы қандай сезімде болғанын айтып берді

Автобус ішінде адамдар болғандықтан, шұғыл шешім қабылдап, әрекет ету керек болды. Құтқарушылар альпинийстік құрылғының көмегімен шұңқырға түсті. Нәтижесінде екі азаматтың денесін тапты. Бірақ, мүрделерді шығару қиындық туғызды. Себебі, топырақтың опырылыуы бір сәтке де тоқтамады. Шұңқырдың төменгі бөлігінде жетеу, қалғаны үстіңгі жағында жұмыс істеді. Аппарельдің бүйір жақтарына 250 метрлік арқан тартып, екі азаматты шығарып алдық. Кейін құтқару жұмыстары тоқтатылды. Аса қауіпті нысан әрі осы тектес жағдай тәжірибемізде болмағандықтан, біраз қорқынышты болды. Өзім үшін емес жасақтағы жігіттердің өмірі үшін алаңдадым. Әрқайсының отбасылары, балалары бар ғой. Олар да үйлерінде тағатсыздана күтіп отырды. Әсіресе, төменгі жаққа түсі кезінде шешім қабылдау қиын болды. Абырой болғанда, отрядымдағы құтқарушылардың ішінен өз еркімен түсуге әзір болғандар табылды. Өйткені, «шұңқырға түсіңдер» дер бұйрық беруге дәтім бармады. Күшімізге де толық сенімді болмадық. Құтқару операциясы кезінде кенттегі мектепте қондық. Ауа райының ыңғайсыздығы болмаса, осындай жағдайда жұмыс істеуге етіміз үйреніп алған, - дейді Мұхамедқанапия Әбдуәлиев.

Апаттық-құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылған соң оқиға орнына Алматы, Қарағанды облысынан мамандар шақырылды. Олар опырылған орында сканерлеу, тексеру жұмыстарын атқарды.

Құтқарушы - мамандық емес, бұл - борыш. Бұл қызметте тек өз кәсібіңнің шебері болу керек. Ол өзіне сенімді болу керек. Әр құтқарушы біреуді құтқармас бұрын өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп алу керек. Сонда ғана өзгенің тағдырына алайдау қажет. Өз басым, бұл қызметке кездесоқ келдім. Зейнеткерлікке дейін өртке қарсы қызметте еңбек еттім. Шақырту алған соң азаматтық қорғаныс саласындағы жұмысымды жалғастыруға бел будым, - дейді құтқарушы.

Қазақ елін дүр сілкіндірген апат орнында болған құтқарушылардың қатарында ТЖД жедел-құтқару жасағы радиологиялық-химиялық бөлімшесінің бас құтқарушысы Жігер Рашид де болды.

"Мамандық емес, борыш". Майқайыңдағы апатта болған құтқарушы қандай сезімде болғанын айтып берді

Құтқару-іздеу жұмыстары басталғанда шұңқырға бірінші болып түстім. Кейін әріптесім де түсті. Жарты сағат ішінде екі адамды шығарып алдық. кейін іздестіру операцияларына техника да жұмылдырылды. Алғашқы күндері тым қауіпті болды. Тастар мен топырақ опырыла берді. Соған қарамастан, міндетімізді орындадық. Бұл – бар болғаны жұмыс, - бас құтқарушы Жігер Рашид.

Еске сала кетсек, Баянауыл ауданының Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті. Апат болған күні екі құтқарушының денесі табылып, сыртқа шығарылды. Ал мамыр айында қалған құтқарушыларды іздеу шаралары жанданды. Шұңқырға түсіп кеткен автобус пен тағы екі адамның мүрдесі шілде айында бірақ табылды.

"Мамандық емес, борыш". Майқайыңдағы апатта болған құтқарушы қандай сезімде болғанын айтып берді

Айта кетейік, бүгінгі таңда аймақтың азаматтық қорғаныс саласында шамамен 700-ге жуық маман еңбек етеді. Олардың қатарында өрт сөндірушілер, құтқарушылер, апаттар медицинасы орталығының мамандары, әуе құтқару бөлімінің қызметкерлері бар. Сонымен қатар, департаменттің орталық аппаратында 100-ге жуық азамат жұмыс істейді.

Ресми мәлімет бойынша жыл басынан бері құтқарушылар шақырту бойынша екі мыңнан астам оқиға орнына барған. Нәтижесінде қиын жағдайға тап болған 163 адам құтқарылып, 250-ден астам тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды.

Жалпы, облыс бойынша техногенді және табиғи сипаттағы 200-ге жуық жағдай тіркелді. Атап айтқанда, төтеншеліктер өрттер, өндірістегі апаттар, адамдардың суға кетуі сияқты оқыс оқиғаларда жүктелген міндеттерін орындады.

Павлодарлық құтқарушылардың тілегі бір, ол – азаматтардың қауіпсіздігі. Бұған қол жеткізу үшін бар жағдай жасалған: заманауи техника, білікті мамандар мен қызметке деген адалдық. Соңғы жылдары үздік ұшқышсыз құралдар енгізіліп келеді.

"Мамандық емес, борыш". Майқайыңдағы апатта болған құтқарушы қандай сезімде болғанын айтып берді

Біз барлық шақыртулар бойынша жедел әрекет етуге әзірміз. Тұрғындарымыз құтқарушылар атқаратын профилактикалық, түсіндіру жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарағанын қалаймыз. Ескертулерімзді қаперге алып, қауіпсіздік ережелерін сақтаса игі. Бұл біз үшін құтқарушы күніне керемет сыйлық болар еді, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Амрин.

Өзгелердің жаңалығы