Мамандығымның мақтанышыма айналғанына 44 жыл – экскаваторшы

21 Қыркүйек 2023, 17:40
1272
Бөлісу:
Мамандығымның мақтанышыма айналғанына 44 жыл – экскаваторшы
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Балқаштық Ерғазы Тұрлыбековтың ауыр техниканы бағындырып, өз ісінің мықтысына айналғанына ширек ғасырға жуықтаған. Екі айдан кейін зейнеткерлік демалысқа шығатын экскаваторшы мамандығының мақтанышына айналғанын айтады, деп жазады BAQ.KZ ақпарат агенттігінің Қарағанды облысындағы тілшісі.

Өмір жолы өндіріспен өрілген Ерғазы Молдыбайұлы Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, Қоңырат кенішінде 1960 жылы дүниеге келген. Экскаваторшы мамандығын таңдауы кездейсоқ еместігін айтады.

Әке жолын қуып, күрделі техниканы меңгергеніме 44 жылға жуықтапты. Әкем Молдыбай Тұрлыбекұлы Қоңырат кенішіне белгілі шебер болған, өмірін ұсталықпен байланыстырған. Ұлы Отан соғысы кезінде өз қолымен экскаватор шөміштерін құйған еді. Әкем өмірден ерте өтті. Отбасымызда сегізбіз. Бес ұл, үш қызды анамыз қатардан қалдырмай жеткізді. Білім алдық, оқыдық, бүгінде өсіп-өнген әулетпіз. Анамыз тоқсан жасында, шөбересінің алақанынын су ішіп, шөпшектерін майдайынан сүйіп өмірден өтті, - дейді Ерғазы Молдыбайұлы.

Мамандығымның мақтанышыма айналғанына 44 жыл – экскаваторшы

Орта мектепті бітіргеннен кейін, ГПТУ-36 училищесінде машинист-экскаватор мамандығын игерген Ерғазы Тұрлыбеков Балқаш түсті металлургия комбинатының темір жол цехының тиеу-түсіру учаскесінде экскаватор машинисінің көмекшісі болып еңбек жолын бастайды.

Мамандығымның мақтанышыма айналғанына 44 жыл – экскаваторшы

Экскаваторшы мамандығын өзім таңдадым, бұл жүрек қалауы еді. Әрі бұл мамандық сол кезде сұранысқа ие болды. Өз қалауыммен училищеге түстім, ауыр болса да экскаваторды жүргізуді үйрендім. Металлургия комбинатында алғашқы тәлімгерім Советжан Қауымбеков жұмыстың қыр-сырын, техниканың тілін үйретті, кәсіби шеберлікке баулыды. Осы кісіге ұқсап, тәлімгер боламын деп алдыма мақсат қойдым, - дейді экскаваторшы.

Ерғазы Молдыбайұлы бұл мақсатына жетті. Бүгінде ол көптеген жоғары білікті механизаторларды, инженер-техник мамандарын өсіріп дайындаған мықты тәлімгер. Осы еңбегіне орай 2022 жылы елімізде дәстүрге айналған «Еңбек жолы» республикалық байқауының «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында екінші орынды иеленді.

Еңбек адамдарының жұмысын насихаттау, оларға құрмет көрсету, жастарға үлгі қылу мақсатында өткізілетін «Еңбек жолы» байқауында екінші орынды иелендім. Бұл марапат мен үшін өте маңызды. Себебі, Президент Қасым-Жoмарт Тoқаев кәciби мaмaнның қaдipiн бiлy қажеттілігін, қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетілу кepeктігін, еңбекқор адам елді дaмытaтынын aйтқaн бoлaтын. Мемлекет басшысының «елiмiздe eңбeкқop aдaмның, кәсiби мaмaнның eң сыйлы aдaм бoлyға тиic» деген сөздерін қолдаймын. Шәкірттерімнің де өз ісінің маманы болуына қатты көңіл бөлемін, бұл олардың болашақта қандай да болса бәсекелестікке төтеп беріп, өз ісінің шебері болуларына әсер ететіндігін үнемі айтып отырамын. Президент айтқандай, жacтapды нaқты бip мaмaндықтың қыp-cыpын жeтiк бiліп, қандай іспен айналысса да сапалы атқаруға шақырамын, - дейді Тұрлыбеков.

Мамандығымның мақтанышыма айналғанына 44 жыл – экскаваторшы

Өндірісші 2007 жылы кәсібіне адалдығы үшін «Еңбек ардагері» медалімен, 2018 жылы көп жылғы мінсіз еңбегі үшін III және 2022 жылы II дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен марапатталған. Өндірістегі еңбек жолы 44 жылды құрайтын Е.Тұрлыбеков қызмет сатысымен экскаватор машинисінің көмекшісінен учаске бастығына дейін өскен.

Бүгінде Ерғазы Молдыбайұлы мен жары Света Құралбекқызы екеуі үлкен отбасының тірегі, балаларының ақылшысы, немерелерінің сүйікті ата-әжесі. Екі айдан кейін зейнеткерлік демалысқа шығатын Ерғазы ағаны әріптестері өз ісіне адал және еңбекқор өнідірісші ретінде сипаттайды.

Өзгелердің жаңалығы