Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда мамандандырылған ХҚКО-да «көлік нөмірін рәсімдеуге көмектесем» деп, елді алдап жүрген екі ер адамның қолына кісен салынды. Бұл туралы бүгін брифингте Полиция департаменті Өзін-өзі қорғау басқармасының бастығы Алтынбек Шүйіншәлиев айтты.
Олар автокөлік иесіне «айна» нөмірлерді (бірінші және үшінші саны бірдей – авт.) рәсімдеуге «көмектескені» үшін 35 000 теңге алып жатқан жерінен ұсталған.
Ұсталған екі күдіктінің біреуі 42 жаста болса, екіншісі 21-де. Спикердің айтуынша, олар мамандандырылған ХҚКО-ға келуші 35 000 теңге берген жағдайда, кезектен тыс нөмір алуына «көмектескісі» келген. Бірақ, айлалары жүзеге аспай қалды.
«Екеуі де ХҚКО-да жұмыс істемейді. Заңды білмейтіндерді немесе әуреленгісі келмейтіндерді пайдаланып, оларды кезектен тыс өткізіп жіберуге уәде берген. Көптеген адам заңды дұрыс білмегендіктен, осындайларға сеніп, ақша төлейді. Қазір ешкімге ештеңе төлеп керек емес, мемлекеттік ресми қызметтер бар. Егер мықты нөмірлерді алғысы келсе, мемлекеттік баж төлеуге тиіссіз. Сонда ғана ешбір заңды бұзбай, қалаған нөміріңізді аласыз», - деп түсіндіріп өтті Алтынбек Шүйіншәлиев.
Аталған жағдай бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-тармағындағы 2-пунктіне сәйкес (топтасып алаяқтық әрекет істеу), сотқа дейінгі тергеу жүргізілмек. Бұл баптағы ең үлкен жаза – мүлкін тәркілеп, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру.