Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет 13 шілде - ұлттық аза тұту күніне қатысты өз ойын ортаға салды.
Әрбір қазақ – Қазақстан қазынасы! Күллі әлемді құйындай жайпап өткен кесірлі, кесапатты кесел Қазақстан халқына ауыр тиді. Жұқпалы науқасқа шалдыққандар, көз жұмғандар саны күрт өсті. Күн сайын түрлі жаманат хабардан жер селкілдейді. Әлеуметтік желіге кіруге қорқатын болдық. Ковид пен пневмония десе жұрттың жүрегі дірілдейді. Бейне бір ешкімді әскерге алмай-ақ, сапқа тұрғызбай-ақ, қан майданның қасабына ұшырататын, көзге көрінбейтін қырғын соғыс жүріп жатқандай - деді ақын.
Ол бұл алапатқа қарсы тұрар күшіміз әлсіз екенін айтты.
Аса қауіпті қатермен бетпе-бет келген сәтте бұрынғы "Коронавирус деген шетелдіктердің өтірік сандырағы екен", "Карантин, Төтенше жағдай" дегендер жұртты митингіге шығармау үшін биліктің ойлап тапқан амалы екен" деген қаңқу сөздердің күлі көкке ұшты. "Бізде медицина мықты, дәрі де, дәрігер де жеткілікті, ауруханалар сай тұр" деп жүрген сеніміміз суға кетті. "Жасырған кеселді өлім әшкерелейді" дегеннің кері келді. Президент Қ.Тоқаевтың коронавирусқа қатысты жақында жариялаған Үндеуінен кейінгі тексерісте шетелдерден келген гуманитарлық көмектерді халықтан жасырып, қымтап ұстап, қымқырып сатып, құлқынын ойлаған қаскүнемдер әшкереленді. Бұл - малтабарлық емес, мародерлік қылмыс! - деді Ұлықбек Есдәулет.
Әр шаңырақты қайғының қара бұлты торлап, әр босағаны өлім аңдып жүргендей.
Алысың да, жақының да бақиға кетіп жатыр. Ажал адам таңдамайды, ешкімнің басынан сипап, мүсіркемейді. Қарапайым халықтың қатарында небір жақсы мен жайсаңдар, таланттылар мен дарындылар да қайтпас сапарға аттануда. Кеше ғана жанымызда жүрген жандардан қапыда айырылып жатырмыз. Қасиетті Қазақстан қасіретті күндерді басынан кешіруде. Ертең 13 шілде - Ұлттық аза тұту күні. Айдың, күннің аманында індеттің құрбаны болған азаматтарды еске алып, Құран бағыштап, тәубемізге келейік. Келмеске кеткендердің отбасына көңіл айтайық. "Өлі риза болмай тірі байымайды". Тарих талқысында не көрмеген халықпыз?! "Ақтабан шұбырындыны" да, аяусыз аштық пен жазықсыз жазалаудың да неше атасын, назалы нәубетін көрген Ұлы қазақ - тамыры таза, діңі мықты ұлтпыз! Бұл қысталаң күндер де өтер-кетер. Салымыз суға кетіп, сағымыз сынбасын! Әрбір қазақ - Қазақстанның қазына-байлығы! Қасымызда жүрген әр адамға қазынаға қарағандай қамқор болайық. Аңдып жүрген ажалға алдырмайық, құрдан-құр айырылып, қол қусырып қарап отырмайық. Бір-бірімізге қол ұшын беріп, жанашырлықпен жан сақтайық. Үмітпен өмір сүрейік. Еліміздің іргетасын ұстап тұрған бірлігімізді қадірлейік. Ар-намысымыз аман болсын. Келешекке деген сенімнен айырылмайық! - деді Ұлықбек Есдәулет.