Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында «Астана» – «Валлетта» ойнайды. Осы кездесу алдында елорда командасының бас бапкері Роман Григорчуктың қатысуымен баспасөз жиыны өтті.
– Соңғы матчтарда командаға неліктен тұрақтылық жетіспей жүр?
– Оның бірнеше себебі бар. Егер "Тараз" және "Санта Коломамен" ойындарды алатын болсақ, біз өте жақсы ойын үлгісін көрсеттік. Ал "Шахтермен" матчта керісінше болды. Егер аталмыш кездесулердегі команда құрамына көз жүгіртер болсаңыз, үлкен өзгерісті байқайсыз. Біз сенім артқан ойыншылар өз деңгейлерін анық көрсете алмады.
– "Санта Коломамен" кездесуде Томасов қосалқы құрамнан алаңға шығып ойын тағдырын шешті. Ол енді негізгі құрамда шығуға дайын ба?
– Біз Маринге демалыс беріп, Томасовты екінші таймда алаңға шығару арқылы өте дұрыс қадам жасадық деп ойлаймын. Бұл жағдай Маринге де өз көмегін тигізгені анық. Мен осыған дейін айтқандай, ол қосалқы құрамнан алаңға қалай шығу керек екендігін басқа ойыншыларға көрсете алды. Алдағы матчқа келер болсақ, Томасовқа және басқа да команда құрамындағы шабуылшыларға үлкен сенім артамыз. Себебі, барынша көп гол соғу өте маңызды. Ал негізгі құрамда қай ойыншылардың алаңға шығатынын кездесу алдында шешеміз.
– Марин Аничичтің команда құрамынан кетуі "Астананың" ойын жүйесіне өзгеріс әкелуі мүмкін бе?
– Бізде қорғаныс шебінде бірнеше нұсқа бар. Әзірге екі орталық қорғаушы жүйесімен ойнап келеміз. Мен сізбен толықтай келісемін, Марин Аничич – өте мықты қорғаушы. Бізде бұл позицияда ойнайтын Юрий Логвиненко, Евгений Постников, Лука Шимунович және жаңадан келген Жарко Томашевич бар. Жарко өз бабына келу үшін біршама уақыт қажет екенін мен жақсы түсінемін. Алайда, оның жаттығу жұмыстарындағы дайындығына қарап, команда құрамына бейімделуі үшін көп уақыт қажет болмайды деген сенімім бар.
– Томашевич өз бабына келуі үшін қанша уақыт қажет деп ойлайсыз?
– Нақты болжам жасау өте қиын. Дегенмен, ол жаттығу жұмыстарында тыңғылықты дайындалып, өзінің кәсіби деңгейдегі футболшы екенін дәлелдеуде. Ол ұлттық құрама сапындағы өткізген кездесулерден кейін, біраз уақыт демалыста болды. Сондықтан нақты уақыт айтудан аулақпын. Оның тәжірибесі мен ерекше жігеріне қарап алдағы кездесуде алаңға шығаруға да болар еді. Алайда, футболды алдауға мүлде болмайды. Жасыл алаңға өте жақсы дайындықтағы ойыншылар шығуы қажет.
– "Валлеттаны" жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алған жағдайда, қандай командамен кездескіңіз келеді?
– Бізге БАТЭ және "Сараево" ұжымдарының бірі қарсылас атануы мүмкін. Екі команданың қай-қайсымен ойнасақ та, мүмкіндігіміз бар. Дегенмен, қазіргі бар ойымыз "Валлеттада". Ең бірінші Мальта командасын ұтып, келесі кезеңге өтуіміз қажет. Содан кейін ғана басқалар туралы ойланатын боламыз.
– Осы жылы Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алу мүмкіндіктеріңізді қалай бағалайсыз?
– Біз бірінші кезекте өз күшімізге сенімді болуымыз қажет.
– Футболда "команда жеңеді, бапкер жеңіледі" деп жатады. Соңғы кездесулердегі команданың нәтижесінен кейін өзіңізден кінә іздеп көрдіңіз бе?
– Мен бұл пікірмен келісемін. Қайталап айта бергім келмейді. "Астана" командасының кез келген жеңілісінің жауапкершілігі толықтай менің мойнымда.