Мәлік Мырзалин 8 жасар ұлының жауабын мысалға келтірді

31 Қазан 2019, 14:35
2587
Бөлісу:
Мәлік Мырзалин 8 жасар ұлының жауабын мысалға келтірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин бүгінгі өткен алқа отырысында "жемқорлық деген не?" деген сауалға 8 жасар ұлының берген жауабы жөнінде әңгімелеп берді.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының 9 ай ішіндегі көрсеткіштері талқыланған отырыста Мәлік Мырзалин өз басынан өткен бір мысалды тілге тиек етті.

"Осыдан бір жарым жыл бұрын әкімдікте қызмет еттім, білесіздер. Бір күні кешке үйге барып, жанұяммен дастархан басында кешкі ас ішіп отырғанбыз. Сыбайлас жемқорлық жөнінде әңгіме өрбіді. Мен 8 жасар ұлыма " жемқорлық деген не?" - деген сұрақ қойдым. " Адам заңсыз ақша алады, ал соны жасырып, жауапқа тартпау үшін пара береді" , - деп жауап берді. Бұл сегіз жасар ұлымның жауабы. Мұндай жағдайда не істеу керек деп едім, 1424 нөмірін теріп Call-орталыққа хабарласып айту керек деді. Мен таңғалдым. Шынымды айтсам, мен өзім білмеппін. Ол мемлекетке пайдалы игі іс істегенім үшін маған рахмет айтады дейді", - деп Мырзалин мысал келтірді. 
Оның айтуынша жас ұрпақты тал бесіктен бастап ұрлық жасамауға, әділ болуға тәрбиелеу керек. 
"Балабақша, мектеп қабырғасынан бастап парасаттылық мәдениетін, пара алуға деген төзбеушілікті қалыптастыру қажет. Баршамызға мәлім, мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты тапсырмаларды үкіметке жүктеді. Барлық заңнамалық толықтырулар соңына дейін жеткізілуі тиіс. Профилактика мен алдын-алу шараларын күшейтіп, қоғамдық бақылауды артсақ айтарлықтай нәтиже болады", - деп атап өтті ол.
Осы жыл ішінде жемқорлық жөнінде келіп түскен 3,5 мың қоңыраудың 600-ге жуығы тіркелген. Расталған фактілер бойынша 44 қылмыстық іс тергелуде. Бұл туралы бүгінгі алқа отырысында айтылды. 

Айта кетеік, агенттіктің азаматтармен кері байланысының тиімді арнасы – "Call-орталығы 1424". Операторлар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы хабарламаларға тәулік бойы жауап береді.

Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінің тәжірибесі бойынша бүгінде ұстанымына берік азаматтардың хабарламаларының негізінде де қылмыстық істер қозғалуда.


Өзгелердің жаңалығы