Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разак мемлекеттік қаражатты жымқырды деген айыппен 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
72 жастағы саясаткер 1Malaysia Development Berhad (1MDB) ұлттық әл-ауқат қорынан шамамен 2,3 миллиард ринггит ($569 млн) жымқырды деп айыпталды. Судья оны билікті асыра пайдалану және ақшаны жылыстату бойынша бірнеше баптар бойынша кінәлі деп таныды.
Разак бұрын да 1MDB жанжалы бойынша басқа істе сотталып, он жылға түрмеге қамалған болатын. Ал өткен жылы оның жазасы қысқартылған. Соңғы үкімге сәйкес, оның 15 жылдық соты алдыңғы жазалармен қатар есептеледі. Наджибтің адвокаттары саясаткерді кеңесшілері адастырды деп мәлімдеді, бірақ сот бұл дәлелді қабылдамады.
1MDB жанжалы әлемдік БАҚ-тың назарында болып, Голдман Сакс пен Голливудтағы ықпалды тұлғаларға дейін қатысты. Тергеу деректері бойынша, қордан жеке қалталарға, соның ішінде Наджибтің жеке шотына 4,5 миллиард доллар аударылған.
Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрахим саяси лидерлерді сот шешімдерін құрметтеуге шақырды. Сарапшылардың пікірінше, бұл үкім елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің символдық маңызды сигналын береді, алайда елде сыбайлас жемқорлық әлі де жалғасып келеді.