Малайзияның шағын және орта бизнес өкілдерінің Алматы қаласына сапары өтті

11 Қараша 2019, 20:43
1792
Бөлісу:
Малайзияның шағын және орта бизнес өкілдерінің Алматы қаласына сапары өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 5-9 қараша аралығында Қазақстанның Куала-Лумпурдағы елшілігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесінің қолдауымен Малайзия өкілдерінің Қазақстанның оңтүстік астанасына сапары өтті.

Малайзия тарапын энергетика, мұнай-газ, туризм, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және ақпараттық технологиялар сияқты экономиканың түрлі салаларынан 8 жеке компаниясы қатысты. "Малайзияның шағын және орта бизнес халықаралық сауда қауымдастығы" (SMITA) Президенті Меган Су бастаған және "WashuppTech Sdn Bhd", "YSL Industrial «Automation Sdn Bhd", "Alpha One Formula Sdn Bhd", "Delstasia Sdn Bhd", "Quality Food Industries Sdn Bhd", "Peterson Projects and Solutions Sdn Bhd" және т.б. компаниялар қатысушылар қатарында болды.

Сапар аясында өткен кездесулерге қазақстандық мемлекеттік құрылымдардың, даму институттарының, ұлттық компаниялардың басшылары, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Кездесу барысында қонақтар инвестициялық мүмкіндіктермен, бизнес-климатты жақсарту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік қолдау шараларымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экспорттық, туристік және транзиттік-көлік әлеуетімен танысты.

B2B кездесулер мен келіссөздердің қорытындысы бойынша "SMITA" мен Алматы қаласының Кәсіпкерлер Палатасы, "Беккер и Ко" ЖШС, "Kazakh Tourism" ҰК АҚ", "Жетісу" ӘКК АҚ" және "Сарыарқа" ӘКК АҚ" арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар, екі елдің іскер топтары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және тереңдету бойынша бірлескен Жол картасын әзірлеуге келісті.

Бүгінгі таңда Малайзия Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің қатарына кіреді. 2018 жылы екіжақты сауда көлемі 2017 жылмен (123,4 млн доллар 2016 жылы - 82,9 млн  доллар)  салыстырғанда төрт есе өсіп 478 млн  доллар құрады, ал 2019 жылғы қаңтар – тамызда өзара сауда 605,3 млн  доллар құрап, 2018 жылдың (112,7 млн ) сол кезеңімен салыстырғанда 5 есеге өсті. 2019 жылғы қаңтар-тамызда қазақстандық өнімнің экспорты 541,5 млн доллар, импорт 63,8 млн долларды құрады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда малайзиялық компаниялар инвесторлармен бірлесіп, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында жалпы сомасы 1 млрд. АҚШ долл. құрайтын бірқатар жобаларды жүзеге асыруда.

"SMITA" - Малайзияның халықаралық шағын және орта бизнес сауда қауымдастығы. Оның қызметі оқыту, сараптама, сауда миссияларын және халықаралық конференцияларды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсету арқылы ШОБ кәсіпорындарын дамытуға көмек көрсетуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы