Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: Малайзиямен серіктестікте» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Гибридтік форматта өткен іс-шараға Малайзия Парламенті Өкілдер палатасының Спикері Азхар Азизан Харун, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің және Парламентаралық достық тобының төрайымы А. Құспан, Мәжіліс депутаттары Б. Сартбаев, З. Сүлейменова, Сенатор және Малайзия Жастар және спорт істері бойынша министрінің орынбасары Ти Лиан Кер, талдау институттарларының басшылығы, бизнес, СІМ және БАҚ өкілдері қатысты.
Малайзия Парламентінің Төрағасы Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерін және екі елдің тығыз серіктестігін жоғары бағалады. Ол екі мемлекет арасындағы исламдық қаржыландыру және халал индустриясы саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын атап өтті. Спикер қазіргі уақытта Малайзия бақылаушы болып табылатын АӨСШК толыққанды мүшесі болуға шақырғаны үшін Қазақстанға алғыс білдіріп, бұл мәселе қарастырылу үстінде екенін хабарлады. Сонымен бірге БҰҰ, ИЫҰ, ДСҰ және т.б. халықаралық ұйымдар аясындағы белсенді ынтымақтастықты ерекше атап өтті, - делінген хабарламада.
Парламентаралық достық тобының төрағасы А.Құспан ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулиннің жылы сәлемдемесін жеткізіп, Қазақстан мен Малайзия арасындағы жан-жақты серіктестік елдеріміз арасындағы достық және бауырластық қарым-қатынастардың рухын көрсететінін, сондай-ақ 2019 жылы желтоқсанда құрылған парламентаралық достық тобы жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Сенатор Т.Л.Кер Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы елеулі дамуын атап өтіп, жастар саясаты мен спорт оның ішінде «e-sports» саласындағы ынтымақтастықты дамытуды ұсынды.
«Kingsley Strategic Institute for Asia Pacific» және «Institute for Strategic Analysis & Policy Research» талдау институттарының басшылары М.Йео мен Дж.Юэн Тәуелсіздіктің 30 жыл ішінде Қазақстан халықаралық аренада өз ұстанымын нығайтып, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосып жатқанын мәлімдеді.
Дөңгелек үстелге Қазақстанда 90-шы жылдардан бері жұмыс істеп жатқан ірі инвесторлар қатысып, Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды және еліміздің дамуын жалғастыруға мүмкіндік берген жаңа саяси және экономикалық реформаларды атап өтті. Өз кезегінде Қазақстанға жоғары инвестициялық сенім 400 млрд. АҚШ долл. жуық шетел инвестицияларын тартуға мүмкіндік бергеніне назар аударды.
1995 жылдан бері Қазақстанға инвестиция құйып келе жатқан ірі инвестор А.Хамза Қазақстанның өткен жылдардағы дамуы туралы алған әсерлерімен бөлісіп, жаңа астананың еліміздің гүлдену символына айналғанын хабарлады. «Electro Serve» компаниясының басшысы Н.Осман өз кәсібінің кеңеюіне тоқталып, пандемияға қарамастан 2021 жылдың сәуір айында Атырау облысында жаңа жұмыс орындарын ашатын кәсіпорын іске қосылғаны туралы айтты.
Іс-шара Қазақстанның жақын достарының басын қосып, жылы әрі достық жағдайда өтті, олар өздерінің жұмыс тәжірибесімен және елге жасаған сапарларымен, сондай-ақ Қазақстан-Малайзия ынтымақтастығын ұзақ мерзімді дамытудың жоспарлары мен идеяларымен бөлісті.
Келесі жылы Қазақстан мен Малайзия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толатыны аталып, ынтымақтастықтың перспективті бағыттары белгіленді. Қатысушылар мәдениет, жастар және спорт саласындағы қарым-қатынастарды, сондай-ақ талдау орталықтарды белсенді тарта отырып, «Track 2.0 diplomacy» форматында ынтымақтастықты дамытуды ұсынды. Сонымен бірге екі мемлекеттің кең туристік мүмкіндіктерін пайдалануы, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы аясында инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша ынтымақтастық жоспарлары да талқыланды.