Су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеу толық көлемде жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.
Сонымен қатар ол елдегі эпизоотиялық жағдайды сақтау, сондай-ақ жануарлардың өлімінен болған шығынның орнын толтыру бойынша министрлік қандай шаралар қабылдағанын айтып берді
Вице-министрдің айтуынша, су басқан өңірлерде 139 378 бас ауыл шаруашылығы жануарлары эвакуацияланды.
Бүгінгі күні өлген малдың саны 12 450 басты құрады, оның ішінде 5 108 - ҰҚМ, 4 326 - ІҚМ, 1 724 жылқы және т.б. Барлық мал өлекселері жиналып, жойылды.
Су тасқыны салдарын жою бойынша іс-шаралар кешені жүргізілді, бұл эпизоотиялық жағдайды сақтауға және залалды өтеуге көшуге мүмкіндік берді.
Мал өлімінің шығындарын өтеу мақсатында министрлік 2024 жылғы 4 сәуірде су тасқынынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу бойынша алгоритм бекітіп, бұйрық қабылдады. Халықтан өтінім қабылдау және өлген мал үшін өтемақы төлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде 9 өңірде 2,4 млрд теңге сомасында өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін төлемдер жүргізілді, - деп түсіндірді вице-министр брифингте.