Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мал шаруашылығы өсім көрсетті: Өндіріс артты, экспорт ұлғайды

Бүгiн, 16:23
92
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Өткен жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға артық. Қазір бұл сала елдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 40 пайызын қалыптастырып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстанда мал шаруашылығы соңғы жылдары қарқын алып келеді. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасынан кейін бұл салаға бөлінген қолдау да, инвестиция да көбейген. Соның нәтижесі қазір нақты көрсеткіштерден байқалып отыр.

Мал басы көбейді

Ресми деректерге сүйенсек, елдегі мал саны барлық бағыт бойынша өсім көрсетті. Ірі қара мал саны 8,2 млн басқа жетті. Бір жылдағы өсім – 2,4 пайыз.

Қой мен ешкі 20,6 млн басқа, жылқы 4,6 млн басқа, түйе 294 мың басқа, ал құс саны 48,6 млн басқа жеткен. Бұл көрсеткіштер фермерлерге берілген қолдау мен өндірістің біртіндеп жаңарып жатқанын аңғартады.

Ет пен сүт өндіру көлемі артты

Мал басының көбеюі өнім көлеміне де әсер етті. Жалпы ет өндірісі 1,2 млн тоннаға жетіп, 2,7 пайызға артты. Ал сиыр сүтін өндіру көлемі 3,8 млн тоннаға жетті. Бұл – бір жылда 5 пайыздық өсім.

Тауық жұмыртқасын өндіру де артқан. Қазір елде жылына 4,6 млрд дана жұмыртқа өндіріледі.

Бүгінде Қазақстан сиыр, қой, жылқы етімен және тағамдық жұмыртқамен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отыр.

Ет экспорты да өсіп жатыр

Ішкі нарықпен қатар экспорт бағыты да күшейтілген. 2025 жылдың 11 айында Қазақстаннан экспортталған ет көлемі 91,3 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,8 пайызға көп.

Сиыр еті экспорты 31,3 мың тоннаға, қой еті 29,4 мың тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіштер Қазақстан етінің сыртқы нарықта сұранысқа ие бола бастағанын көрсетеді.

Сүт-тауарлы фермалар саны артты

Сүт саласында да айтарлықтай өзгеріс бар. 2023 жылдан бастап сүт-тауарлы фермаларын салуға жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріле бастады.

Егер 2019 жылы елде небәрі 19 заманауи ферма болса, қазір олардың саны 100-ден асып отыр. Бұл фермалар жылына 500 мың тоннадан астам сүт өндіре алады.

Алдағы үш жылда тағы 118 жоба іске қосылады. Соның есебінен сүт өндірісі 615 мың тоннаға артып, жалпы көлемді екі есеге жуық арттыру жоспарланып отыр.

Құс еті бойынша импорт азаяды

Құс шаруашылығы да соңғы жылдары ең жылдам дамып жатқан бағыттардың біріне айналды. Соңғы бес жылда құс еті өндірісі 157 пайызға өсіп, 371,7 мың тоннаға жетті.

Алдағы үш жылда тағы үш ірі құс фабрикасы іске қосылады. Бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты да ұлғайтуға мүмкіндік береді.

2030 жылға дейінгі жоспар қандай?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Онда фермерлерге арзан несие беру, селекцияны дамыту, жемшөп базасын күшейту және ветеринариялық қауіпсіздікті арттыру көзделген.

Өзгелердің жаңалығы