Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша агенттік құрылады. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін азаматтарды ғана емес, сырттан, сарапшылардың ортасынан профильді мамандар тартуымыз керек.
Бұл туралы Ұлттық кеңестің мүшесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай айтып берді.Жолдаудың ең негізгі бағыттарының бірі – бұл алдағы уақытта өтетін саяси реформалардың жалғастырылуы. Себебі, Ұлттық кеңестің шеңберінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы саяси пакетін қабылдадық. Ол бойынша арнайы заңдар да қабылданды. Олар – оппозиция институты, әйелдер мен жастарға арналған квоталар, митингтер туралы заңдар, - деді Максим Споткай.
Оның айтуынша, әкімдерді сайлау - демократия жолындағы маңызды бастамалардың бірі.
Жолдауда Президент саяси реформаларды жалғастыру туралы нақты айтты. Мысалы, ауыл әкімдерін сайлау бойынша, онлайн петиция механизмін жасау және де мемлекеттік басқару реформасы туралы да айтты. Алдағы уақытта қоғам белсенділерімен, сарапшылармен бірге осы бастамаларды нақты талқылау керек. Себебі, әкімдерді сайлау туралы айтсақ, ол да демократия жолындағы маңызды бастамалардың бірі. Дегенмен, оны дұрыстап талқылап, жасауымыз керек. Өткен тарихымызда алғаш рет Алматы облысында аудан әкімін сайладық. Бізде осындай тәжірибе бар. Сондықтан осы тәжірибені де, халықаралық тәжірибелерді де талдап, кейін әкімдердің сайлауы бойынша нақты шешімді қабылдауымыз керек. Бұл оңай мәселе емес. Ауылда тұратын азаматтарға әсер ететін үлкен саяси нормалардың бірі болады. Сондықтан бұл жұмысқа тиянақты келуіміз керек, - деді өз сөзінде Ұлттық кеңестің мүшесі.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер санын қысқартуға қатысты да пікірін білдірді.
Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметкерлер санын 25%-ға қысқарту. Бұған дейін де Президент айтты. Енді нақты мерзімдер бойынша осы жылдың ішінде 10%-ға, келесі жылы 15%-ға қысқартады. Бұл механикалық қысқарту деген сөз емес. Яғни, қазір бос орындар болса, резервтерді пайдалана отырып мемқызметкерлер санын қысқарту керек деп ойлаймын, - деді ол.
Максим Споткай жастардың арасында дарынды, жас болса, тәжірибесі бар азаматтар өте көп екенін айтты.
Бұдан бөлек, Президенттік жастар кадрлық резервін пайдалануымыз керек. Жастардың арасында дарынды, жас болса, тәжірибесі бар азаматтар өте көп. Сондықтан оларды да мемлекеттік қызметке таратуымыз керек. Стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша агенттік құрылады. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін азаматтарды ғана емес, сырттан, сарапшылардың ортасынан профильді мамандар тартуымыз керек. Сол агенттікке шақыруымыз керек. Себебі, реформаларды мемлекеттік аппараттың ішінде жасамай, сарапшылардың, азаматтық қоғамның пікірін ескеруіміз керек, - деді Споткай.