Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропалық одақтағы әріптестерімен Францияның ядролық тежеу күштерін Ресей тарапынан төнетін қауіпке қарсы құрлықты қорғау үшін пайдалану мүмкіндігін талқылайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол өз үндеуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Макрон тікелей эфирде Украинадағы соғыс пен Еуропаның қорғанысы тақырыбын қозғап, Киевке қолдауды күшейту мен Еуропаның әскери қуатын арттыру қажеттігін атап өтті.
Ресей бүгінде және ұзақ мерзімге Франция мен Еуропа үшін қауіпке айналды, – деді ол.
АҚШ пен Еуропа арасындағы қазіргі саяси жағдайды сипаттай келе, ол "Біздің одақтасымыз – АҚШ бұл соғысқа қатысты ұстанымын өзгертті, Украинаға аз қолдау көрсетіп, болашаққа қатысты белгісіздік тудырып отыр. Біз жаңа дәуірге қадам басқанымызды мойындауымыз керек" деп мәлімдеді.
Франция президенті Еуропаның қауіпсіздік саласында АҚШ-қа толық сенім арта алмайтынын ескертті.
Мен АҚШ бізбен бірге болады деп үміттенемін, бірақ олай болмауы мүмкін жағдайға дайын болуымыз керек, – деп атап өтті.
Сонымен қатар, ол Еуропаның өз тәуелсіздігін күшейту қажеттігін айтты.
Макрон қазіргі әлемдік тәртіп бұзылып жатқанын және "құрлықтағы бейбітшілікке кепілдік беру мүмкін болмай отырғанын" мәлімдеп, "Украинадағы соғыс жаһандық қақтығысқа айналды" деп қосты.
Осы мәселелерді талқылау үшін бүгін Еуропа басшылары Брюссельде өтетін қорғаныс пен Украинаға арналған төтенше саммитке жиналады.