Ұрпақ біздің бейнетті көрмесін – Махамбет Бержанов

8 Мамыр 2019, 21:21
4670
Бөлісу:
Ұрпақ біздің бейнетті көрмесін – Махамбет Бержанов

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Сырдария ауданында екі соғыс ардагері қалды. Олар – Яхия Тасыров пен Махамбет Бержанов. Екеуі де елдің тілеуқор қариясы. 


Майдангер Махамбет Бержанұлы – 94 жаста. Тереңөзек кентінде тұрады. 1925 жылы Жалағаш ауданы Еңбекші елді мекенінде дүниеге келіпті. Кәмелетке толмаған бозбала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. 

Ұрпақ біздің бейнетті көрмесін – Махамбет Бержанов
«Армияға Жалағаш ауданының бұрынғы Ынтымақ ұшымшары, қазіргі Еңбекші ауылынан Қармақшыдағы әскери комиссариатқа шақыртылдым. Ол кезде 6 сынып оқитынмын. Балалығымыз басылмаған шақ еді, «майданға барасыңдар» деген бірауыз сөз есейтіп жіберді. 1943 жылы көктемде Қиыр Шығыстың Чита облысына бардық. Бір айдай жүріппіз. Мұнда қару-жарақ ұстап, атуды меңгердік те ұрыс даласына бет алдық. Забайкал әскери округі 36-шы армияның 293-атқыштар полкінде болдым. Біздің эшелон түгелдей ауруға шалдықты. Карантин жарияланып соғыса алмадық. Бұдан соң фашистік Германияның одақтасы Жапонияға қарсы шайқасқа дайындалдық. Берлин тізе бүккенде біз 1945 жылы 8 мамырда Манчжурияға басып кірдік. Біраз жерді азат етіп, жеңіске жеттік», - дейді қария.
Жапон соғысына қатысқан жауынгер Махамбет Бержанұлы елге 1948 жылы оралады. Бейбіт өмірге араласып, ішкі істер саласында 40 жыл қызмет етеді. Қармақшы ауданының ішкі істер бөлімін басқарады. Полиция полковнигі атанып, зейнет шығады.
«Соғыс өтті, кетті. Отанды қорғау үшін болған соғыс. Заманымыз солай болды. Біз парызымызды өтедік. Шырағым, біздің қолымыз көп нәрсеге жетпеді. Балаларымыз, немерелеріміз, ұрпағымыз біздің бейнетімізді көрмесін. Білім алсын, оқысын. Сөйтсе ғана қатарынан озады. Патшамыз аман болсын, жұртымыз ынтымақты болсын», - дейді ақсақал.
Махамбет Бержанұлын ізінен ерген құқық қорғаушылар мереке сайын құттықтап, сый-сияпат көрсетеді. Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, Жеңіс күнін жақындатқан ардагерлерге құрмет көрсету – өскелең ұрпақтың парызы.
«Махамбет атамыз майданда, тылда қайсарлық танытқан. Сыр өңірінде ішкі істер саласының қалыптасуына еңбек сіңірген. Оның өмір жолы бізге өнеге. Сол себепті, кеше ақсақалдың үйіне барып, сәлем беріп, келешек ұрпаққа сыйлаған бейбіт заманы үшін жеке құрам атынан алғысымды білдірдім. Тілегімізді айтып, сыйлығымызды табыстадық», - дейді Арыстанғани Расылханұлы.
Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде тұратын тағы бір соғыс ардагері – Яхия Тасыров. Бүгінде ол елдің батагөй ақсақалы. 

Ұрпақ біздің бейнетті көрмесін – Махамбет Бержанов
Жасы 97-ге жеткен қария әлі күнге дейін тың. Өзі жүріп-тұрады. Жиын-той, ас-садақадан қалмайды. Балаларының үйін аралайды.
«Соғысқа 1941 жылы аттандым. Бірінші Новосібірде болдым, сосын Мәскеуде дайындықтан өттік. Сөйтіп, көп ұзамай бізді Курскіні жаудан азат етуге жөнелтті. Станцияға жақындағанда жаудың ұшағы бомба тастап, алдымыздағы бір эшелонды жарып жіберді. Осыдан бастап от пен оқтың ортасына кірдік те кеттік. Арамызда Германияның жансызы бар екен, оны қолға түсірдік. Мен бастапқыда станокты пулеметті оқтайтын солдат болдым. Қарудың салмағы 70 келі тартады. Соны арқалап жүретінбіз. Осы пулеметпен талай жауды жайратып, Сталинград майданынан аман шықтық», - дейді Яхия ата.
Жау жеңіліс тауып, соғыс аяқталғанда Яхия Тасыров ауруханада жатты. Майдан даласында жарақаттанған болатын. Сырқатынан айығып, туған жеріне аман-есен келеді.
Қазіргі күні 4 баласынан немере-шөберелер сүйіп отыр. Кеудесі орден-медальға толы. Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанған. Өткен жылы ауданның «Жыл адамы» атағын иеленді.
«Ауданымыздың сыйлы ақсақалы. Батасы ерекше. Қазақстанда әрдайым бейбітшілік салтанат құрса деп тілейді Үйленген жастар атадан бата алып кетіп жатады. Қарияны жиынға жиі шақырады. Бәрі батасын алғысы келеді», - дейді Балтабай есімді Тереңөзек кентінің тұрғыны.

Өзгелердің жаңалығы