Астана. baq.kz. Македония парламенті елдің атауын «Солтүстік Македония Республикасы» деп өзгерту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыған қатысты ел конституциясына енгізілген өзгертулерді 120 депутаттың 81-і қолдап дауыс берді. Бірақ оппозиция оған бойкот жариялады.
Себебі олар Еуроодақ пен НАТО-ға кіру үшін ел атауын өзгерту дұрыс емес деген пікірде.
Айта кетейік, Македония билігі мұндай қадамға Грекиямен 30 жылға созылған дауды шешу үшін барып отыр. Себебі, Грекия өзінің осы аттас облысымен шатастырмас үшін Македониядан өз елінің атауын өзгертуді талап еткен. Осы мәселенің шешілмеуіне байланысты олар аталған мемлекеттің Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болуына қарсы шығып келген еді.
Ел атауына қатысты дау-дамай көп жылға созылып, тек өткен жылы ғана тараптар ортақ келісімге келді.