Бүгін Астанаға бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегері оралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спортшыларды әуежайда жанкүйерлері мен туған-туыстары қарсы алды. Журналистердің сұрақтарына жауап берген спортшылар болашақ жоспарын бөлісіп, Қазақстан халқына алғыс айтты.
Жеңісімді қазақ еліне арнаймын. Осылай бізді қолдап жатқандарыңызға рахмет. Алда талай жарыс пен белес бар, еш босамаймыз. Себебі Олимпиада шыңын бағындырамын деген мақсатым бар, - деді 54 келі салмақтағы әлем чемпионы Махмұд Сабырхан.
Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергеновтың айтуынша, ендігі мақсат - Азия ойындары мен Олимпиадада жеңіске жету.
80 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған Нұрбек Оралбай да өзінің алдағы жоспарын айтты.
Қазақ еліне мың да бір алғыс. Әлем чемпионы атандық, бірақ мұнымен тоқтамаймыз. Алдымызда Азия ойындары мен Олимпиада бар. Сол жарыстарға дайындаламыз. Ел абыройын асқақтатып, көк туымызды көкке көтеруге бар күшімізді саламыз, - деді ол.
Айта кетейік, Ташкенттегі бокстан әлем чемпионатында біздің құрама 4 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алып, 10 жыл бұрынғы жетістікті қайталады. Бұл әлем біріншілігі аясындағы отандық боксшылар үшін ең жоғары нәтиже.