"Махаббаттан басталған өміріміз сыйластыққа ұласты": Жарты ғасыр тарихы бар өнегелі отбасы

17 наурыз күні, Наурыз мейрамы қарсаңында дәстүрлі түрде Отбасы күні – Шаңырақ күні атап өтіледі.

 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Бүгiн 2026, 17:45
Бүгiн 2026, 17:45
208
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты ғимаратында Шаңырақ – отбасы құндылықтарын ұлықтау күні аталып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көптеген адамдар үшін отбасы өмірде маңызды рөл атқарады. Кейбір жұптар ондаған жылдар бойы бірге өмір сүріп келеді. Қазақ мәдениетінде 50 жыл бірге тұрған отбасылар «Алтын шаңырақ», ал 25 жылдан астам бірге тұрғандар «Күміс кереге» иегерлері деп аталады.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

17 наурыз күні, Наурыз мейрамы қарсаңында дәстүрлі түрде Отбасы күні – Шаңырақ күні атап өтіледі. Бұл мереке отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге арналған.

Осыған орай, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен Жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп, салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Іс-шара аясында жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар мен ұзақ жылдар бірге өмір сүріп келе жатқан ерлі-зайыптыларға символдық неке қию рәсімі өткізілді.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Шара барысында үш жаңа отбасы мен бірнеше онжылдықты бірге еңсерген екі жұп өз оқиғаларымен бөлісіп, жастарға берік неке құрудың құпиялары мен отбасылық құндылықтардың маңыздылығы туралы әңгімеледі.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бөлім басшысы Арайлым Сапарәлінің айтуынша, бұл іс-шараның басты мақсаты – жастарға өнеге көрсету.

Жаңа отбасын құрып жатқан жас жұбайларға мерекелік көңіл күй сыйлау, үлкен ата-әжелеріміздің жолын көрсету және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында өткізіліп отыр. Бұл іс-шара үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Алдағы жылдары да Наурызнама аясында өткізу жоспарда бар, – деді ол.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Оның айтуынша, шараға қатысушылар арнайы іріктеусіз, өз еркімен қатысады.

Жас отбасылар неке қию рәсіміне өтініш білдіру арқылы қатыса алады. Белгілі бір критерий жоқ, ниет білдірген жұптар шақырылады, – деді Арайлым Сапарәлі.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Сондай-ақ ол мұндай іс-шаралар жастар үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие екенін атап өтті.

Жас отбасылар 25-50 жыл бірге өмір сүрген үлкендерді көріп, отбасы құндылықтарының маңызын түсінеді деп ойлаймыз. Бұл олардың жауапкершілігін арттырады, – деді ол.

«Алтын шаңырақ» иегерлерінің өмірлік тәжірибесі

Іс-шараға қатысқан Серік Шайман мен Сәлима Мұсабаева «Алтын шаңырақ» иегерлері. Олар отасқандарына 50 жыл толған.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Серік Шайман Наурыз мерекесінің маңызы мен отбасы құндылықтарының рөліне тоқталды.

Наурыз мейрамы – тәуелсіздік алғаннан бері жаңаша мазмұнмен толығып келе жатқан үлкен мереке. Қазір ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін жаңа дәстүрлер қалыптасып жатыр. Бүгінгі отбасы құндылықтарына арналған шара – жастарға үлгі болатын маңызды мәдени іс-шара, – деді ол.

Ол ұзақ жыл бірге өмір сүрудің басты сыры өзара түсіністік пен сыйластық екенін айтты.

Біз бір-бірімізді түсініп, сыйлап келеміз. Махаббаттан басталған өміріміз қазір сыйластық пен қимастыққа ұласты. Отбасының берекесі – әйелдің ақылдылығы мен сабырлылығына да байланысты, – деді Серік Шайман.

Оның айтуынша, отбасы – өзара қолдау мен жауапкершілікке негізделген құндылық.

Қыз бала өзге ортаға барып, сол жерде өз шаңырағын құрады. Ал ер адам – сол шаңырақтың тірегі. Біз осы түсінікпен өмір сүрдік, – деді ол.

Серік Шайман жары Сәлима Мұсабаевамен танысу оқиғасын да еске алды.

Бұл – ұзақ хикая. Біз Қостанайда таныстық. Бір күні саябақта кездейсоқ жолығып, сол сәттен бастап тағдырымыз байланысып кетті, – деді ол.

Бүгінде олар балаларын бағып-қағып өсірген, немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Қазір балаларымыз өсіп-өнді. Бірі Алматыда, бірі Қостанайда тұрады. Өзіміз Астанадамыз. Аллаға шүкір, бақытты ғұмыр кешіп келеміз, – деді ол.

Шара соңында қатысушылар жастарға ақжарма тілектерін айтып, отбасы құндылықтарын сақтау – қоғамның тұрақты дамуының негізі екенін атап өтті.

©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова
Наверх