«Махаббат өзені»: Димаштың жаңа видеосы бір тәулікте 200 мыңнан астам рет қаралды

6 Маусым 2021, 12:35
2142
Бөлісу:
«Махаббат өзені»: Димаштың жаңа видеосы бір тәулікте 200 мыңнан астам рет қаралды
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа видеода Димаш әнші емес, музыкант ретінде домбырада белгілі әуенді орындады. 

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген танымал композитор Ренат Гайсин жазған «Махаббат өзені» композициясына жаңа бейне жариялады. 

Онда Димаш Құдайберген домбыра партиясын орындады. Бір тәулік ішінде бейнебаян 200 мыңнан астам рет қаралды. 

«River Of Love» трегінің тарихы 2011 жылы басталды. Ренат Гайсин АҚШ-тан Қазақстанға ұшып келе жатқанда, кенеттен ұшақтың иллюминаторы арқылы өте ұзын өзенді көреді. Ол соншалықты шексіз болғандықтан, композитор тағы да ғаламшарымыздың табиғатына таңдана қарайды. Дәл сол уақытта оның ойында болашақ композицияның әуені пайда болады. Сол сәтте ұшақта отырып ол ойындағы әуенді нотаға түсіреді. 


Мен үшін су әрқашан өмір мен шексіз махаббаттың қайнар көзі болды. Композицияны құрастыра отырып, оның әуені біздің халық аспабы – домбыра үшін өте қолайлы екенін түсіндім, – деп бөлісті Ренат Гайсин. 

Автор оны танымал қазақстандық виртуоз домбырашы Асылбек Еңсеповке орындауды ұсынды. Содан кейін, студияда жазу барысында оған «Махаббат өзені» атауын беру туралы шешім қабылданды. Студияда трек жазып, музыканттар оны сол жылы жарыққа шығарды. 

Он жылдан кейін композиция жаңаша әуенге ие болды. Барлығы дерлік кездейсоқ жағдай. 

Бірде Ренат пен Димаш студияда жұмыс істеу барысында, кенеттен Димаш әрбір қазақстандыққа белгілі әуенді ойнай бастады.

Композитордың айтуынша, Димаш оны «жаңа тыныспен» ойнаған. 

Сол күні Димаш домбыра партиясын жазды, шығарма мүлдем жаңаша әрі стильді шырқалды. Сондай-ақ, ол өзінің қайталанбас вокализдерін қосты, бұл композицияға одан да көп эмоциялар берді. «River Of Love» енді Димаштың орындауында жаңаша шырқалатынына өте қуаныштымын, – деп түйіндеді автор. 

Ренат пен Димаштың кезекті жауһарына тәнті болып, желі қолданушылары жылы лебіздерін жазып жатыр. 

«Әдемі туындының авторлары мен орындаушыларына, браво», «Музыка, ойын керемет! Домбыра ұлы музыканттың қолында жаңаша шырқалды.Браво, Димаш және Ренат», «Димаштың достары да талантты» - деп жазды Димаштың жанкүйерлері.

Өзгелердің жаңалығы