Отандық өнім үлесін сауда сөрелерінде арттыру – Үкімет назарындағы өзекті мәселе. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, сауда ережелерінде Қазақстанда жасалған өнімдерге қатысты нақты талаптар бар.
Сауда субъектілері үшін "Қазақстанда жасалған" өнімнің ең төменгі үлесі 30 пайыздан кем болмауға тиіс. Бұл – заңмен бекітілген шек. Сонымен қатар сауда субъектілерін қолдауға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама бар. Бағдарламаға Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан басқа өңірлер қатысады. Егер қандай да бір сауда желісі осы мемлекеттік қолдауды пайдаланатын болса, ол сөрелеріндегі өнімнің кемінде 20 пайызын отандық тауарлармен толтыруға тиіс. Жалпы бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін жетеді, – деді Арман Шаққалиев.
Шаққалиев "Magnum" сауда желісіне де жеке тоқталды.
Magnum бұл бағдарламаға қатыспайды. Соған қарамастан, олар үшін де 30 пайыз көлемінде отандық өнім сөрелерде болуға міндеттелген, – деп нақтылады ол.
Сондай-ақ Арман Шаққалиевтен журналистер "Magnum" гипермаркетінің отандық майонезді сөрелерден алып тастауына қатысты сұрақ қойды.
Мемлекеттік қолдауға ие болған Magnum гипермаркеті қазақстандық өнімді алып тастап, оның орнына ресейлік өнімді қойғаны анықталды. Магнумға қатысты тексеріс жүргізіле ме? – деп сұрады тілші.
Министр бұл жағдайға қатысты нақты жауап берді.
Бізде нарықтық экономика. Сондықтан кәсіпкерлікке тікелей араласу құзырымызға кірмейді. Егер әңгіме әлеуметтік маңызы бар тауарлар жайында болса, онда бұл – біздің құзыретіміз. Алайда майонез ондай тізімге жатпайды. Екіншіден, бұл – кәсіпкердің жеке шешімі. Олардың сөреде 4 түрлі майонез өнімі бар, – деді Арман Шаққалиев.
Сонымен қатар министр отандық өнімге негізсіз шектеу қойылған жағдайда, тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.