Магистратураға түсу үшін бойжеткен комиссия мүшелерін 4 рет алдаған

22 Тамыз 2019, 18:04
2276
Бөлісу:
Магистратураға түсу үшін бойжеткен комиссия мүшелерін 4 рет алдаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл магистратураға тапсырған үміткерлер арасында бір үміткер комиссия мүшелерін 4 рет алдаған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы Дидар Смағұлов айтты.

«Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі кешенді тестілеу кезінде бір бойжеткен комиссия мүшелерін алдағысы келген. Ол тексеруден төрт рет өткен. Ең соңында шпаргалка пайдаланып, аудиториядан шығуға мәжбүр болды», - дейді Дидар Смағұлов.

Оның айтуынша, кешенді тестілеу нәтижесі бойынша 12 853 үміткер мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысуға мүмкіндік алған. 

«Кешенді тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 3 адам қатысты, олар үшін жеке аудиториялар, жеке көмекшілер, сондай-ақ сурдоаудармашылар ұсынылды. Ғимаратқа кіргізу кезінде 25 бөгде тұлға анықталды және олар тестілеуге жіберілмеді. Сонымен қатар, 1021 тестіленуші кешенді тестілеу өткізу ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Олардың нәтижелері жойылды», - дейді тестілеу орталығының директоры.

Жалпы, кіргізу және тестілеу барысында 20497 смартфон мен электрондық құрылғылар, 498 шпаргалка, 373 калькулятор және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленген. 

«Апелляцияға барлығы 1642 өтініш қабылданды. Оның ішінде тест тапсырмаларының мазмұны бойынша – 1580, техникалық себептер бойынша - 62. Апелляция бергендердің 346 өтініші қанағаттандырылды, 1296-ы кері қайтарылды», - дейді ол. 

Бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы Дидар Смағұлов магистратураға түсу үшін өз орнына өзгені кіргізбек болған 25 үміткер ұсталғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы