Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдан бастап магистратураға түсу кешенді тестілеу нәтижесі арқылы жүргізіледі.
Осы орайда тестілеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топ мүшелері, "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бақылаушы ретінде жұмыс істейді.
"Білім және ғылым министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және парасаттылық құндылықтарын сіңіру мақсатында магистратураға түсу форматын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынымдарына сәйкес өзгертті. 2019 жылдан бастап магистратураға қабылдау тестілеу қорытындысы бойынша жүргізіледі. Процестің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында магистратураға түсу тестілеуін, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында өтетін емтихандарды бақылаушылар ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топтардың мүшелері, "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылады. Агенттік осы белсенділердің қатысуын қамтамасыз етеді. Қоғам белсенділерінің қатысуы тыйым салынған заттарды пайдалану фактілерін азайтады және жалған адамдардың қатысуын болдырмайды. Агенттік гранттарды бөлу кезінде "уағдаластыққа" жол бермейді", - деді Агенттіктің парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаев.
Оның айтуынша, қоғам мүшелері тестілеу процесін залдарда орнатылатын бейнекамералар арқылы онлайн режимде бақылай алады.
"Тестілеуге барлығы 30 мыңнан астам үміткер қатысады. Магистратураға бөлінген гранттардың жалпы саны 13 мың. Бақылаушылар ретінле БҒМ өкілдері (шамамен 200 адам) қатысады", - деп атап өтті Сабырбаев.
Мұндай жұмыс техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жүргізілетін болады.
Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев біліктілігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру орындарына магистратураға түсушілер үшін өтетін кешенді тестілеудің уақытын атап өтті.
"Биыл тамыздың 10-15 аралығында магистратураға түсушілерге арналған кешенді тестілеу өтеді. Осыған дейін әр жоғары оқу орны өз комиссиясын құрып, PhD докторантураны қоса алғанда магистратураға түсушілерге арналған жеке емтихандарын өткізіп келді. Алайда көпшілікте осыған қатысты сұрақтар туындады. Әр университет әртүрлі емтихан, бағдарламалар өткізді. Бір мамандыққа түсу талабы бірдей. Осыған байланысты ҚР БҒМ осы рәсімді жетілдіру аясында ҰБТ секілді бірыңғай кешенді тестілеу өткізу шешімін қабылдады", - деді Тойбаев.