Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Магистратураға білім беру гранттарын тағайындау бойынша конкурстың нәтижелері туралы» өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты.
Бүгін, яғни 7 қыркүйекте 2020-2021 оқу жылына арналған магистратура дәрежесі бойынша гранттарды тағайындау туралы комиссияның соңғы отырысы өтті. Магистратура бойынша грант иегерлері анықталды. Комиссияның құрамына мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, мүдделі мемлекеттік органдардың, ЖОО-ның қауымдастығының, БАҚ өкілдері, сонымен бірге ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өкілдері де бар. Комиссияның барлық ресми жұмысы аяқталды. Осылайша, 2020-2021 оқу жылына 12 829 грант бөлінді. Оның ішінде ғылыми педагогикалық бағыт бойынша 12 119 грант және бейіндік магистратураға 710 грант бөлініп отыр, - деді Әділет Тойбаев.
Оның айтуынша, бүгін кешке дейін министрліктің ресми сайтында, әлеуметтік желілерде және БАҚ-да грант иегерлерінің нақты тізімі жарияланады.
Айта кетейік, магистратура бойынша грант иегерлерінің тізімін BAQ.KZ сайтынан да біле аласыздар.