Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистралды газ құбырының құрылысы қашан басталатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған газ құбыры Алматы облысындағы шалғай ауылдарды газбен қамтитыны айтылған болатын.
Қазіргі таңда «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистралды газ құбыры бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Оны Алматы облысының әкімдігі тапсырыс беруші ретінде дайындауда. 2022 жылы жобалық-сметалық құжат аяқталуы қажет болатын. Заңнамаға сәйкес, ол құжат мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін біздің министрлікке тиісті қаражат бөлуге арнайы ұсыным арқылы енгізілетін болады. Сол кезде біз қарастырамыз. 2022 жылы жобалық-сметалық құжат бекітілген жағдайда құрылыс жұмыстары келер жылдан ерте басталмайды, – деп жауап берді Асхат Хасенов журналист сауалына.
Баспасөз конференциясында БАҚ өкілі тарапынан вице-министрге Алматы облысына қатысты тағы бір сауал қойылды. Журналист атом электр стансасын салуға оңтайлы деп табылған Жамбыл ауданы сейсмикалық қаупі жоғары облыста орналасқаны ескерілді ме деп сұрады.
Вице-министр нақты орын жобалық негіздеме дайындалған кезде анықталатынын айтып, сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі міндетті түрде ескерілетінін айтты.