Венесуэла әскери шапқыншылық қаупіне байланысты ұлттық қорғаныс жүйесін күшейтіп, оны жаңғыртты. Бұл туралы Боливар Республикасының президенті Николас Мадуро Америка халықтары үшін Боливар альянсының (ALBA) жоғары деңгейдегі отырысында бейнеконференция форматында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, ел соңғы уақытта күрделі қауіп-қатерлерге тап болған.
Венесуэла 25 аптаға созылған психологиялық террорды, әскери басып кіру қаупін, қарақшылық шабуылдарды және венесуэлалық мұнай танкерін басып алу әрекеттерін бастан өткерді. Осы кезеңде Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде бейбіт қатар өмір сүрудің заңды әрі дипломатиялық тетіктері елеулі түрде бұзылды, - деді Мадуро Venezolana de Televisión телеарнасының эфирінде.
Ол осы жағдайларға байланысты елдің қорғаныс стратегиясы қайта қаралып, ұлттық қорғаныс жүйесінің тұжырымдамасы түзетіліп, жетілдірілгенін атап өтті.
Айта кетейік, Америка халықтары үшін Боливар альянсы (ALBA) 2004 жылы құрылған. Аймақтық бірлестікке Антигуа мен Барбуда, Венесуэла, Гренада, Доминика, Куба, Никарагуа, Сент-Винсент және Гренадиндер, Сент-Китс және Невис, сондай-ақ Сент-Люсия кіреді.
Сонымен қатар, АҚШ билігі Венесуэланы есірткі тасымалына қарсы жеткілікті деңгейде күрес жүргізбеді деп айыптап келеді. Осыған байланысты Америка Құрама Штаттарының Әскери-теңіз күштері Кариб теңізіне атомдық «Gerald R. Ford» авианосецін бастап барған, құрамында 16 мыңнан астам әскери қызметкері бар кемелердің соққы тобын орналастырды. Қыркүйек айынан бері АҚШ әскери күштері аймақта кемінде 20 жылдам жүретін қайықты суға батырған, салдарынан 80-нен астам адам қаза тапқан.
Бұған қоса, АҚШ президенті Дональд Трамп 10 желтоқсанда Венесуэла жағалауында мұнай танкерінің ұсталғанын растады және тәркіленген мұнайдың АҚШ иелігінде қалатынын мәлімдеді. Ал Венесуэланың Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті Кариб теңізіндегі «ашық тонау және халықаралық деңгейдегі қарақшылық» деп бағалады.