Жаслан Мәдиевтің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалуы және бір мезетте вице-премьер мәртебесін алуы – осы күздің ең көп талқыланған кадрлық шешімдерінің бірі болды. Сарапшылар бұл қадамды стратегиялық тұрғыдан орынды деп бағалайды, бірақ Мәдиевтің цифрлық активтер саласындағы өткен тәжірибесі сұрақтар туғызатынын да жасырмайды.
BAQ.KZ тілшісі Президенттің жаңа министрге қандай міндет жүктеп отырғанын, сарапшылар қандай тәуекелдер көріп отырғанын және Қазақстанға жасанды интеллект жөніндегі жеке министрліктің құрылуынан не күтуге болатынын саралап көрді.

Саяси логика
Қыркүйек айындағы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кадрлық шешімге алдын ала ишара жасаған еді.
Жаңа технологиялық дәуірдің бір бөлігі болу үшін мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі қайта құрып, оның ашықтығын, тиімділігін, адамға бағытталуын еселеп арттыру қажет. Сондықтан қолданыстағы бейіндік министрлік негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынамын. Оны вице-премьер дәрежесіндегі маман басқаруы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Саясаттанушы Таир Ниғмановтың пікірінше, бұл тек Үкімет құрылымындағы кезекті реформа емес, сонымен бірге маңызды белгі: жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік басқаруға енгізу – енді ұлттық деңгейдегі басымдық. Вице-премьер мәртебесі жаңа министрге өзге ведомстволардың жұмысына тікелей ықпал етуге мүмкіндік береді, ал бұл технологияларды ауқымды енгізу үшін шешуші мәнге ие.
Жасанды интеллект ғылымда, өнеркәсіпте, инфрақұрылымда процестерді жеделдетеді, қателіктерді азайтады және тиімділікті арттырады, – дейді Ниғманов.

Оның айтуынша, ЖИ-дің басты артықшылығы – шешімдерді прагматикалық деректер негізінде қабылдауы. Бұл – Қазақстан үшін айрықша маңызды, өйткені қоғамдағы сенім деңгейі әлі де төмен, жемқорлық факторлары мен кадрлық біліксіздік бар.
Президент жасанды интеллектіні осы әлсіз тұстарды жоюға қабілетті құрал ретінде көріп отыр. Машинаның туысы, жеке мүддесі болмайды. Сондықтан оның шешімдері көбірек сенім тудырады. ЖИ-дің байлық жинау немесе протекционизм жасау мақсаты жоқ, – дейді саясаттанушы.
ЖИ-ді қолдану аясы кең: су ресурстарын басқарудан бастап инфрақұрылымды реттеуге, бюджет шығынын оңтайландыруға дейін. Мысалы, әлеуметтік көмек саласында мемлекет көбіне шынымен мұқтаж емес адамдарға да қаржы бөледі. Ал жасанды интеллект деректерді терең талдап, тек нақты қажет ететіндерге қолдау ұсынуға мүмкіндік береді.
Адам мұндай көлемдегі деректерді бір мезетте талдай алмайды. Мемлекеттік аппараттың да мүмкіндігі шектеулі, мұндай талдау үшін оны шексіз ұлғайтуға тура келер еді. Жасанды интеллект бұл мәселені шешеді, – дейді Ниғманов.
Сарапшы еске салады: бүгінде әлемде ЖИ технологиялары үшін нағыз жарыс жүріп жатыр. АҚШ пен Қытай қомақты инвестиция құйып, көш бастап келеді. Ал қазір артта қалған ел кейін бұл алшақтықты ешқашан жоя алмауы мүмкін.
Жасанды интеллектідегі артта қалушылық тек тереңдей түседі. Біз қазірдің өзінде ғылымы дамыған ауыр индустриясы бар елдер мен ондай әлеуеті жоқ елдердің экономикасы мен технологиясындағы алшақтықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз. ЖИ бұл айырмашылықты еселейді – технологиялық та, экономикалық та, басқарушылық та тұрғыдан, – дейді ол.
Сондықтан саясаттанушының пікірінше, жеке министрліктің құрылуы және оның басшысын вице-премьер деңгейіне көтеру – қисынды әрі уақытылы қадам.
Скепсис пен сын

Бірақ бұл көзқараспен келіспейтіндер де бар. Ұлттық блокчейн қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашев жеке ведомство құру идеясын дұрыс деп санайды, бірақ іс жүзінде жаңа орган емес, бұрынғы министрліктің атауын өзгерту ғана болғанын айтады.
Мен жасанды интеллектінің тәуелсіз министрлігі құрылады деп ойлағанмын, ол цифрлық даму министрлігінен бөлек болуы тиіс еді. Шын мәнінде, бұрынғы министрлікке атауына қосымша сөздер ғана қосылды. Бұдан айтарлықтай пайда болмайды. Егер бөлек ЖИ министрлігі құрылса, Мәдиевтің тағайындалуы әлдеқайда қисынды көрінер еді. Ал цифрлық активтер саласында ол табысқа жете алмады: Қазақстандағы айналымның небәрі 3%-ы ғана заңды аймақта, ал 97%-ы "көлеңкеде". Бұл тек сәтсіздік деп бағалануы мүмкін, – дейді Қарашев.
Оның айтуынша, Мәдиевтің цифрлық активтердегі жұмысы айтарлықтай нәтиже берген жоқ, бұл оның жаңа қызметіне қатысты күмән тудырады.
Сынға іліккен тағы бір жайт – мансап жолы: Цифрлық даму министрлігіндегі қызмет, кейін Binance компаниясындағы жұмыс, ал енді министр әрі вице-премьер ретінде қайта оралуы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға сәйкес, мұнда мүдделер қайшылығы туындайды. Binance-тен кейін оны қалай министрлікке мақұлдағанын білмеймін. Бұл депутаттардың ар-ұятына байланысты мәселе, – деп атап өтті сарапшы.
Қарашевтің пікірінше, министрліктің қатарында Мәжілісте Цифрлық мәселелер жөніндегі арнайы комитет те құрылуы қажет.
Мәжілістегі комитеттердің санын заң шектемейді. Бұл жерде депутаттардың шынымен осы саладан келуі маңызды – киберқауіпсіздік, ақпараттық қауіпсіздік немесе стартап тәжірибесі бар болуы керек. Бір-екі заң ұсынып, өзін "цифрлық депутат" атайтын адамдардан еш пайда жоқ. Тәжірибенің жоқтығы заңдардың сапасына тікелей әсер етеді, – дейді ол.
Сонымен бірге сарапшы Мәдиевтің жасанды интеллект саласында өзін көрсетуіне мүмкіндік бар екенін де жоққа шығармайды.
Жасанды интеллект – бұл цифрлық активтерден мүлде бөлек сала. Мұнда ол өзге қабілеттерін танытып, оң нәтижелерге қол жеткізуі мүмкін. Бірақ тек оның бұрынғы жұмысына сүйенсек, күту тым жоғары емес. Жағымды нәтиже көрмедім, керісінше, жұмыс өте әлсіз болды. Бұл – менің субъективті пікірім. Дегенмен жаңа бағыт оны шабыттандырып, тиімді жұмыс істеуге жетелеуі ықтимал. Әзірге оны тек цифрлық активтердегі нәтижесімен бағалауға болады, ал ол нәтиже қанағаттанарлық емес, – дейді Қарашев.
Алда не күтіп тұр?

Осылайша, Мәдиевтің тағайындалуы екі трендті көрсетеді: Қазақстанның әлемдік ЖИ жарысына қосылуға ұмтылысы және мемлекеттік аппаратқа сенімді арттыру үшін "бейтарап" алгоритмдерді енгізу қажеттігі.
Жаңа министр бұл стратегияны жүзеге асыратын тиімді тұлға бола ма, әлде цифрлық активтер саласындағы қателіктерді қайталай ма – оны уақыт көрсетеді. Бірақ бір нәрсе айқын: Қазақстан тарихында алғаш рет жасанды интеллект тек технология ғана емес, Үкімет деңгейіндегі саяси басымдыққа отыр.
Бұған дейін біз Ғани Бейсембаевтың Оқу-ағарту министрлігіндегі кезеңі және Жұлдыз Сүлейменованың кім екенін туралы да жаздық.