Мәди Ахметов қала және ауыл жастары арасындағы теңсіздікті жоюды ұсынды

9 Ақпан 2022, 18:48
2212
Бөлісу:
Мәди Ахметов қала және ауыл жастары арасындағы теңсіздікті жоюды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов қала және ауыл жастары арасындағы теңсіздікті жою қажеттігін айтып, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Кеше Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындаған міңдеттерді негізге алып ауыл жастарының маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз ететін қарапайым және түсінікті қолдау құралдарын әзірлеп,  шүғыл түрде кешенді бағдарлама қабылдау қажет, - деді ол.

Жас депутат өз кезегінде қала және ауыл жастары арасындағы теңсіздікті жою үшін бірнеше ұсыныс айтты.

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыру қалалармен шектелмеуі тиіс. Даму перспективасы бар ауылдар мен аудандарда тиімді, жан-жақты ойластырылған шешіммен тұрғын үй беру, несиелендіру бағдарламасын әзірлеу қажет. Әсіресе, бұл үлкен қалалардың қасында шоғырланған елді-мекенде тұратын жастар үшін ұтымды болмақ, - дейді Мәди Ахметов.

Сонымен қатар ауылдық жерде жеке кәсіппен, шаруашылықпен айналысамын деген жастарға төмендетілген пайызбен шағын несие, жеңілдетілген субсидия беруді қарастырып, үш жыл көлемінде салықтан босату қажет. Одан бөлек, ауыл квотасы бойынша мемлекеттік грант есебінен білім алған жастарға қолына диплом алғаннан кейін өз ауылынан, ауданынан мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігін  ойластырған жөн.

Ауыл жастарының әлеуметтенуіне, жан-жақты дамуына, спортпен шұғылдануына, қосымша білім алуына инфрақұрылымдық жағдай жасап, ақпараттық-түсіндірме жұмысты күшейту керек. Үкімет бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет, - деп айтты Мәжіліс депутаты сауалында.

Өзгелердің жаңалығы