«Мәдениет және спорт министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысы ашық талқыға шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта көрсетілгендей, енді Мәдениет және спорт министрлігіне мына функциялар беріледі:
- мәдениет мәселелері бойынша тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрады және ол туралы ережені бекітеді;
- мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия беру қағидаларын бекітеді;
- архив және кітапхана ісі, геральдика салаларындағы ұлттық және халықаралық конкурстар мен фестивальдарды, сыйлықтар мен жүлделерді тағайындайды;
- халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша ҚР құрама командаларының мүшелеріне ақшалай көтермелеудің мөлшерін бекітеді;
- бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша ҚР аумағында өткізілетін республикалық, облыстық және халықаралық спорттық жарыстарды медальдармен қамтамасыз ету нормаларын бекітеді;
- Республикалық ономастикалық комиссия құрады;
- Кинемотография саласындағы мемлекеттік қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрады;
- туристік қызмет саласындағы ғылыми қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін құрады;
- лотерея операторын және оған лоторея өткізу құқығын беру мерзімін айқындайды.
Үкімет қаулысы 20 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-министрге жолданады.