Мәдениет үйіне күйші Нариман Үлкенбаевтың аты берілді

31 Мамыр 2019, 22:49
4009
Бөлісу:
Мәдениет үйіне күйші Нариман Үлкенбаевтың аты берілді
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысына қарасты Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы мәдениет үйіне Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері Нариман Үлкенбаевтың аты берілді. 

Мәдени шараға еліміздегі өнер мен мәдениет саласының қайраткерлері, танымал тұлғалар қатысты. Композитордың қызмет жолы соғыс жылдарында осы Тұщықұдық ауылында бастау алған. Қиын қыстау кезеңде қажыған елге өнерімен демеу берген ол талай шәкіртті тәрбиелеп, артына мәңгі өлмейтін мол мұра қалдырды. 

Мәдениет үйіне күйші Нариман Үлкенбаевтың аты берілді

«Елге өмір бойы қызмет жасаған асыл азаматтың атын ардақтап, халқымызға дүбірлі той өткізіп жатыр екен. Мына ат үстіндегі азаматтар осы шараға мән беріп, осы деңгейде өткізуі жастарға үлкен тәрбиелік мәні бар шаруа деп есептеймін. Бұл ел үшін қызмет еткен азаматтың аты еш уақытта ұмытылмайтындығын көрсетеді»,-деді қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев. 

Салтанатты шарада Нариман Үлкенбаевтың халық театрын дамытуға қосқан үлесі, мұрағатта сақталған мол мұрасы насихатталды. 

Cондай-ақ шара барысында Исатай ауданы басшылары Аққыстау халық театрының ардагерлерін де марапаттап, сый-сияпат табыс етті. 

«Елдің сол кезгі жағдайына әлеуметтік, рухани дүниесіне әбден қаныққан жан - жақты өнерпаз. Сол өнерімен халықты тәнті етті. Нариман Үлкенбайұлының атына мәдениет үйінің есімі берілуіне арналған салтанатты шараға келіп тұрмыз. Бұл жалпы ұлттық мәдениетті, ұлттық өнерді дамыту жолындағы жаңа қадам, сәтті қадам болады деп есептеймін»,-деді ҚР-сы мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев

Шарада Нариман Үлкенбаевтың шығармалары орындалыып, сонымен қатар ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бекет Тұрғараевтың "Нариман Үлкенбайұлы" атты кітабының тұсауы кесілді.

Өзгелердің жаңалығы