Мәдениет, туризм және ғылым. Тоқаев Орталық Азия елдеріне ұсыныс айтты

14 Қыркүйек 2023, 17:08
821
Бөлісу:
Мәдениет, туризм және ғылым. Тоқаев Орталық Азия елдеріне ұсыныс айтты
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арнайы тоқталғым келеді. Өңірдегі демографиялық өсімнің орнықты екенін ескерсек, білім және ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтудің маңызы арта түседі. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықты белсенді түрде дамытып келеді. Былтыр Қырғызстанда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды, - деді Президент.

Оның айтуынша, Тәжікстанның жоғары оқу орындары базасында бірлескен факультеттер ашу ісі қарастырылып жатыр. 

Қазақстан мен Өзбекстанда екі елдің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу көзделіп отыр. Бұл маңызды саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге біздің Душанбедегі кездесуіміз аясында 2-ші Ректорлар форумы мен Орталық Азия елдері ғалымдарының 1-ші форумын өткізу өз септігін тигізеді, - деді Тоқаев.

Оның айтуынша, «Орталық Азия» туристік брендін бірге насихаттай отырып, елдеріміздің бірегей табиғатын және өзіне тән бай мәдениетін бүкіл әлемге таныстыруға керемет мүмкіндік бар.

Ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастықты жандандырудың перспективасы зор. Жоғары сапалы ортақ медиажобаларды жүзеге асыру, соның ішінде жалпыөңірлік телеарна, жаңалықтар сайтын құру ісіне кірісуді ұсынамын. Бұл міндеттердің орындалуы Орталық Азия елдерінің салалық ведомстволары және ақпарат агенттіктері арасындағы тұрақты диалогқа септігін тигізеді. Менің айтқан ұсыныстарым мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеру ниетінен туындап отыр, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол Қазақстан өңірдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.

Құрметті әріптестер, Сіздерді Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Қазақстанда өтетін 6-шы Консультативтік кездесуіне шақырамын. Алдағы міндеттердің табысты жүзеге асырылуы достықты, тату көршілік қарым-қатынасты және стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деп сөзін қорытындылады Президент. 

Өзгелердің жаңалығы