Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Индиан - Уэллстегі беделді турнирде жеңіске жеткен Елена Рыбакинаны құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанның бірінші ракеткасы және әлемдегі ең мықты 10 теннисшінің бірі Елена Рыбакина американдық Индиан - Уэллстегі беделді турнирде жеңіске жетті. Финалда ол әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Арина Соболенконы (Беларусь) жеңді.
Осылайша ол Үлкен дулыға турнирлерінің чемпионы және финалисті, WTA 1000 сериялы турнирде жекелей сында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді. Сондай-ақ бұл жеңіс Еленаға әлемдегі ең мықты теннисшілер рейтингінде өз позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Мен Елена Рыбакинаны және барлық қазақстандық жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын! Осындай нәтижелер бәрімізді қуантып қана қоймай, еліміздегі балаларды спортпен шұғылдануға және үлкен жетістіктерге жетуге ынталандырады. Еленаға кәсіби спорт шыңдарын бағындырып, толағай табыстарға жетуді тілеймін!, - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Осыған дейін қазақстандық теннисшіні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтаған болатын.