Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мадагаскарда полковник уақытша президент болды

18 Қазан 2025, 09:45
521
Бөлісу:
 Anadolu Agency
Фото: Anadolu Agency

Мадагаскардың Конституциялық соты Майкл Рандрианиринаны уақытша президент ретінде ант қабылдатты, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.

Әскери төңкерістен бірнеше күн өткен соң, 51 жастағы полковник Майкл Рандрианирина Мадагаскардың жаңа президенті атанды. Елдің Конституциялық соты 17 қазан, жұма күні оны "республиканы жаңғырту кезеңінің" президенті ретінде ресми түрде ант қабылдатты. Capsat атты арнайы әскери бөлімше 14 қазанда билікті басып алғанын мәлімдеген еді.

Рандрианирина сайлауды бір жарым – екі жылдан кейін өткізуді уәде етті. Ол соттың 60 күн ішінде сайлау ұйымдастыру туралы талабын қабылдамады. Оның айтуынша, елде азаматтық басқаруға қайта оралмас бұрын, ауқымды реформалар жүргізу қажет.

Эмиграциядағы президент өзін заңды басшы деп санайды

Ант беру рәсімінде азаматтық киімде сөйлеген Майкл Рандрианирина бұл оқиғаны «тарихи бетбұрыс» деп атап, елдегі әлеуметтік және экономикалық түйткілдерді шешуді талап етіп жүрген жастардың үнін ескеруге уәде берді. Инаугурацияға жоғары шенді әскери қызметкерлер, саясаткерлер, жастар ұйымдарының өкілдері және Германия, Франция, АҚШ, Қытай мен Ресейден келген дипломаттар қатысты.

Биліктен тайдырылған президент Андри Радзуэлина жаппай наразылықтардан кейін елден кетіп, парламент шешімімен өкілетінен айырылды. БАҚ мәліметінше, ол қазір Дубайда. Оның өкілдері Радзуэлина өзін заңды мемлекет басшысы ретінде әлі де санайтынын айтады. Айта кетейік, Радзуэлина алғаш рет 2009 жылы әскери төңкеріс нәтижесінде билікке келіп, 2019 жылдан бері Мадагаскарды басқарған.

 

Жастар өзгеріс талап етуде: халықтың 80 пайызы кедейлікте өмір сүреді

Африканың оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан Мадагаскар аумағы жағынан Италиядан екі есе үлкен, алайда халқы — шамамен 30 миллион, яғни екі есе аз. Ел әлемдегі ең ірі ваниль экспорттаушысы саналады. Дегенмен, Дүниежүзілік банк дерегіне сүйенсек, халықтың 80 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүруде.

Қыркүйек айының соңынан бастап мыңдаған жас көшеге шығып, президенттің отставкасын талап етті. Кей жерлерде қақтығыстармен өткен бұл наразылықтар электр мен су тапшылығына, білім беру жүйесіндегі дағдарысқа, жұмыссыздыққа және терең кедейшілікке байланысты өршіген еді.

Өзгелердің жаңалығы