Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтауда Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі "Жас тұлпар-2019" облыстық жастар премиясын табыстау шарасы өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінен хабарлады.
Өңірдегі мемлекеттік жастар саясаты саласының дамуына үлес қосып, сан түрлі саланың тізгінін ұстаған жастарды ынталандыру мақсатында өткен салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев қатысты.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін сөз ете отырып, Маңғыстаулық жастарға ыстық ықыласын жеткізді. Үздік жастарға дәстүрлі "Жас тұлпар-2019" Маңғыстау облыстық жастар премиясын табыс етті.
"Маңғыстау мақтанышы" арнайы номинациясымен қазақ эстрадасының жас әншісі, "Қазақстан дауысы" жобасының жеңімпазы Б.Ретбаев, композитор А.Құрманов, дәстүрлі әнші Н.Асқанов, сонымен қатар "Боранқұл" жайдарман тобы және "Өзенмұнайгаз" құрамасы марапатталды.
"Жомарт жүрек" номинациясына қатерлі ісік ауруына шалдыққан балаларға арналған қайырымдылық шараларын ұйымдастырушы Ерлан Ерубаев, "Бейбіт кезең батыры" номинациясына Ақтау қаласында 10 қабаттан секірмекші болған әйел адамды, сонымен қоса Каспий теңізіне батып бара жатқан жас қызды құтқарып, жақындарымен қайта қауышуына үлес қосқан Тимур Жұмалиев лайық деп танылды.
"Жас тұлпар-2019" Маңғыстау облыстық жастар премиясының конкурстық комиссиясының шешімімен:
"Үздік жас спортшы" номинациясы - Жұбатқан Нұрсұлтан Манарбекұлы;
"Мұнай саласының үздік жас маманы" номинациясы - Ещанов Ерболат Мырзагелдіұлы;
"Үздік жас журналист" номинациясы - Мереке Үсембайұлы Мусаев;
"Үздік волонтер" номинациясы -Тайжанов Нұрлығасыр Жанабайұлы;
"Жас ақын" номинациясы - Дүйсенов Еділбек Медетұлы;
"Жас дарын" номинациясы - Масжанов Серіжан Серікұлы;
"Жас өнертапқыш" номинациясы - Қуанова Айнұр Айсақызы;
"Жас көшбасшы" номинациясы - Құрманғалиев Ғани Дәулеткерейұлына берілді.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде "Жас тұлпар" Маңғыстау облыстық жастар премиясын табыстау шарасы 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.