Маңғыстау облысында көпбалалы отбасыларға 100 мың теңге төленеді

20 Ақпан 2019, 18:19
3554
Бөлісу:
Маңғыстау облысында көпбалалы отбасыларға 100 мың теңге төленеді

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Өңір әкімі Ералы Тоғжанов халыққа есептік кездесуінде облыстық жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. Мұнда ұсыныстар талданып, олар бойынша нақты шешімдер қабылданған.

Атап айтсақ, 2019 жылдың екінші тоқсанынан бастап көпбалалы аз қамтылған отбасыларға 100 мың теңгеден біржолғы төлемақы берілетін болды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға, ата-ана жылуынан айырылған балаларға және көпбалалы аз қамтылған жанұяларға бизнес ашу үшін конкурстық негізде жарты миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаражат беріледі.

«Мүгедек балалардың оңалту орталықтарында қаралуын толық қамтамасыз етуді де басты назарға алдық. Қазіргі таңда тегін медициналық көмектің кепілдік негізінде бір реттік оңалту курсы беріледі. Алайда кейбір балаларға 2-ші, 3-ші кезектегі оңалту курсын жүргізу қажеттілігі бар. Осыған байланысты, аз қамтылған отбасылардың мүгедек балалары үшін 2-ші оңалту курсын бюджет есебінен қаржыландыру туралы шешім қабылданды», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Аймақ басшының айтуынша, квота бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасынан емдеу және оңалту іс-шараларын өту үшін республикалық орталықтарға баруға мүгедек бала мен ата-анасының бір реттік темір жол жолақысы қарастырылған.

«Маңғыстау облысы орталық аймақтардан қашық орналасқан. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасы бойынша мүгедек бала мен ата-анасының біреуінің ілесіп жүруін қосқанда екі жаққа да авиакөлікпен жол жүру құнын Астана және Алматы қалаларына төлеу туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, республикалық клиникаларда және облыс орталықтарында денсаулық сақтау басқармасы комиссиясының жолдамасы бойынша мамандандырылған медициналық көмек алу кезінде аз қамтылған отбасылардың барлық балаларына темір жол көлігімен жол жүру шығындары өтелетін болады. Сонымен қатар, қолданыстағы балабақшалар базасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы топтар құрылады», - деді аймақ басшысы.

Кездесуде көп балалы аналардың ендігі кезекте қоғамдық көлікте тегін жүре алатыны туралы айтылған жаңалық көпшілікті қуантып тастады. Осы жылдың сәуір айынан бастап Ақтау қаласындағы барлық қоғамдық көлікте және «Ақтау – Мұнайлы ауданы» бағыты бойынша ауданаралық көлік қатынасын көп балалы аналар тегін пайданалады. Әлеуметтік көмектің бұл түрі тамызда Жаңаөзен қаласына да енгізіледі деп күтілуде.

Жиында келер айдан бастап жергілікті кәсіпкерлер палатасында «Бірыңғай әлеуметтік терезе» орталығы қызметін бастайтыны да сөз болды. Мұндағы мамандар жәрдемақы, тұрғын үй төлемдерін алу, жұмысқа тұру, тұрғын үй кезегі бойынша мәселелерді шешу амалдарын өңір халқына түсіндіреді. Бұдан басқа, бизнес-бастамаларды сүйемелдеуге заңгерлік және консультациялық көмек көрсетеді.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 28 млрд теңге көлемінде халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қолдаудың жиырма түрі көрсетіледі. Биыл 1 867 аз қамтылған отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ендігі жылға дейін 2 095 отбасын қамту жоспарлануда.

Сонымен қатар, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектер, асыраушысынан айырылған және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға зейнетақы 7 процентке өсіп отыр.

Томирис ӘДІЛ

Фото: автордікі

Өзгелердің жаңалығы