Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова Арыс қаласында оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс салдарынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, медициналық мекемелерге барды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Халық қалаулысы уақытша 800 адам орналастырылған М.Әуезов атындағы дарынды балаларға арналған «Дарын» мектебіндегі эвакуациялық бекетте болды.Зәуреш Аманжолова тұрғындармен әңгімелесіп, орналасу жағдайымен танысты. Мысалы, мектептегі бекеттерде жас балаларға арналған фильмдер, қуыршақ қойылымдары сияқты мәдени бағдарламалар ұйымдастырылған. Аманжолова таңертеңгі уақытта балаларға таңғы жаттығулар өткізіп, түрлі ойындарды ұйымдастырудың қажеттігіне тоқталды.
Кездесулер барысында тұрғындармен ақпараттық жұмыс жүргізудің маңыздылығы туралы айтылды. Атап айтқанда, арыстықтар үйлеріне, бау-бақшалары мен үй жануарларын қараусыз қалдырғандарына алаңдаушылық білдірді.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты бөлмелерде, сақтау және тамақтандыру орындарында медициналық және санитарлық нормаларды сақтауға ерекше назар аударды. Айта кету керек, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен бірге қант диабеті, онкологиялық аурулар, туберкулез және психикалық ауытқушылығы бар науқастарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды тарату механизмі әзірленген. Медициналық орталықтарды аралаған Зәуреш Аманжолова дәрі-дәрмектер мен дезинфекциялау құралдарының жеткілікті екендігін атап өтті.
Одан басқа, адамдарды тіркеу сияқты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.