Мәнерлеп сырғанаудың болашағы қандай? – Бас бапкер жауап берді

18 Сәуір 2019, 15:30
2747
Бөлісу:
Мәнерлеп сырғанаудың болашағы қандай? – Бас бапкер жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Құралай Узурова 2018-2019 жылғы маусымды қорытындылады. Бас бапкердің айтуынша, Элизабет Тұрсынбаеваның әлем чемпионатындағы жүлдесі еліміздегі мәнерлеп сырғанау спортының беделін одан әрі арттыра түскен. Бұл туралы ол Olympic.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді. 

«Элизабет Тұрсынбаеваның әлемдік додаларда жеңіп алған үш бірдей күміс медалі біздің еңсемізді көтеріп тастады. Лиза «Төрт құрлық чемпионаты» мен Универсиада ойындарында, сондай-ақ, жылдың ең басты спорттық оқиғасы – әлем біріншілігінде тұғырдан көрінді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Одан бөлек, Тұрсынбаева ересек әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанау спортының тарихында тұңғыш рет төрттік сальховты орындады. Төрт айналым сальхов өте қиын элемент. Бұған дейін ресми жарыстарда оны ешкім орындаған жоқ. Яғни, әйелдер орындап келген ең ауыр элемент үш жарым айналымдық аксель болатын. Әйтсе де, Лиза өзінің нағыз күрескер әрі батыл екенін көрсетіп, мәнерлеп сырғанау спортының тарихына енді. Ол өзін дәлелдеді», - дейді Узурова. 

Бас бапкер елімізде Тұрсынбаевадан бөлек талантты жастардың өсіп келе жатқанына баса назар аударды. 

«Қыздар арасында Алана Тоқтарова есімді талантты спортшымыз бар. Загребте өткен халықаралық турнирде үздік үштікке енді. Әзірге ол жас, дегенмен, қиын элементтерді орындап жүр. Оның бағдарламасында үш айналым каскад бар. Алананың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында ерекшеленетін Мария Гречанаяны да атап өткім келеді. Тап осы қызымыз жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында мықтылармен иық тірестіруі мүмкін. Жалпы алғанда, әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанау бәсекесінде айтарлықтай резерв бар», - дейді бас жаттықтырушы.

Оның сөзінше, ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанау сынында Денис Тен секілді бірден көзге түсетін спортшылар әзірге жоқ. Алайда, Рахат Бралин мен Никита Манько келешекте жоғары нәтижемен қуантады деген үміт басым.

«Рахат Бралин жасөспірімдер арасында бақ сынауда. Ал Манько ересектер санатына өтті. Никитаның «Төрт құрлық чемпионатына» жолдама алып, еркін бағдарламада өнер көрсеткенінің өзі үлкен жеңіс. Ал Бралин жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысады деп жоспарлап отырмыз», - деді Құралай Узурова. 

Сондай-ақ, Құралай Узурова Элизабет Тұрсынбаеваның бұрынғы бапкеріне қайта оралуына қатысты да пікір білдірді. 

«Шыны керек, Элизабеттің қайта оралғанына қуаныштымыз. Өйткені, Этери Тутберидзенің қоластына келгелі ол маусымды сәтті өткізді. Лиза мәнерлеп сырғанаудағы алғашқы қадамын сол Тутберидзеден бастаған. Демек, Ресейдегі мәнерлеп сырғанау мектебі оған жақын. Сондықтан, бұрынғы бапкеріне қайта оралғаны жақсы болды. Бір ғана маусым ішінде ол элементтерді тұрақты түрде орындап, бағдарлама сапасын да жақсартты. Еркін бағдарламаны жаңартып, 4 айналым сальховты қосты. «Төрт құрлық чемпионаты» мен Универсиада ойындарында аталған элементті орындау барысында Лиза құлап қалды. Бірақ соның өзінде бұл тұғырдың екінші сатысынан көрінуге мүмкіндік берді. Тұрсынбаеваны кішкентай кезінен бері білемін. Ол өте батыл және күрескер қыз. Оның үстіне, Этери секілді мықты бапкердің қолына түсті. Сол себепті, одан енді тек жеңіс күтеміз. Лизаның арқасында келесі жылғы әлем чемпионатына үш квота жеңіп алдық. Мұның бәрі елімізде мәнерлеп сырғанау спортының кеңінен таралуына үлес қосуда», - дейді бас бапкер.

Өзгелердің жаңалығы