Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы №24 емхананың бас дәрігері Жәмилә Баттақова онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, биыл МӘМС аясында №24 емханаға қосымша 238 млн 777 мың теңге қаражат бөлінген.
Бұл көрсетілетін медициналық қызмет түрін арттыруға жағдай жасады. Жыл басынан бері 98 567 қызмет көрсеттік. Оның ішінде тар бейінді мамандарға 49 871 адам жүгінген, скрининг бойынша алдын алу тексеруінен 25 мың қызмет көрсетілген, қымбат қызметке 10 мың адам, диагностикалық зертханалық қызметті 7 160 адам алған, - дейді ол.
Брифинг барысында ол МӘМС жүйесінде қызметтерді қолдану алгоритмі, сондай-ақ емханаларға тіркелу мәселелері туралы айтты.
Елімізде 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Сондықтан жұртшылық үшін МӘМС-ті қолдану алгоритмін түсіндіре кетсем. Ол үшін алдымен тұрғылықты жердегі емханаға тіркелу қажет. Елімізде 15 қыркүйектен бастап емхана мен дәрігерді таңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол 15 қазан айына дейін жалғасады. Оған қоса тіркелу мәртебесін қарау керек. Оны fms.kz біріккен тіркеу орталығынан немесе qoldau қосымшасынан көре аласыздар, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол жалданып жұмыс істейтіндер үшін жұмыс беруші барлық табыстан 2% медициналық сақтандыруға төлейтінін айтты.
Сондай-ақ, мемлекет аз қамтылған топқа жататындардыкін төлейді, ол жерде 15 санат қаралған. Ол балалар, мүгедектер, зейнеткерлер, көпбалалы аналар, соғыс ардагерлері, ресим түрде жұмыссыз деп тіркелгендер және тағы басқалары. Кәсіпкерлер 2 мың теңге айналасындағы жарна төлемін жасайды. Бұл төлемдер ай сайын жасалып отыру керек, сол кезде ғана міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мүшесі атанасыз, - дейді Жәмилә Баттақова.