Мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалту құралдары мен қызметтерді өздері таңдайды - Еңбек министрлігі

16 Тамыз 2019, 00:36
1837
Бөлісу:
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалту құралдары мен қызметтерді өздері таңдайды - Еңбек министрлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомстводан хабарлағандай, 1 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстанда 690 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның 61,5%-ы (424,4 мың адам) еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 25,6% -ы (176,8 мың адам) - зейнеткерлік жастағы адамдар, 12,9%-ы (89,3 мың адам) - 18 жасқа дейінгі балалар.

Бүгінті таңда Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту құралдары мен қызметтері мемлекеттік сатып алу арқылы ұсынылады. Қызмет алушылар тендерлік жүйе мүгедектерге мүлдем сәйкес келмейтіндігіне, жыл сайын қызмет көрсету сапасы мен медициналық бұйымдардың нашарлауына шағымданады.

«Бұл мәселені шешу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер порталын енгізуде. Бұл функционал пилоттық режимде Ақтөбе қаласының тұрғындары үшін жұмыс істейді, онда 3 медициналық-әлеуметтік мекеме (бұдан әрі - МӘМ) қосылған. Осылайша, онлайн режимде 2 адам МӘМ-ге тұруға өтінім берді»,- делінген хабарламада.

«Әлеуметтік қызметтер порталының көмегімен біз ұлымызды мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сауықтыру стационарына орналастыра алдық. Портал өте ыңғайлы: біз өтінім беріп, оған ЭЦҚ-мен қол қойдық. Оның үстіне уақытты үнемдедік», - деді қызмет алушы Ғабит Жүкетаев.

Сонымен бірге, әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Порталды дамытудың екінші кезеңінде азаматтардың техникалық оңалту құралдарын алу мүмкіндігі жетілдіріледі. Ақтөбе қаласындағы жаңашылдық тестілеуден сәтті өткен жағдайда оны республиканың өзге өңіріне кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.

Әлеуметтік қызметтер бөлімін енгізу мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеке қажеттіліктерді ескере отырып, құралдар мен оңалту қызметтерін дербес таңдауға мүмкіндік береді, ал оларды алу уақыты мемлекеттік сатып алу рәсімдерін алып тастағанда қысқарады.

Сол үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және «Кәсіпкерлік кодекс туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қажетті өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы