Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 22 желтоқсанда паралимпиялық жаттықтыру орталығында "Тең мүмкіндіктер әлемі" мүмкіндігі шектеулі балалар ата-аналарының қоғамдастығы мен JRT Taekvondo астаналық федерациясының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балалар арасында таеквондодан оқушылық белбеуді қорғау аттестациясы өтті.
14 бала ақ, сары, сарғылт белбеулерін қорғап шықты. Бұл жолы алғаш рет ментальдық ауытқуы бар балалар да қорғаған болатын. Балалардан емтиханды JRT Taekvondo астаналық федерациясының президенті Асқар Юсупов қабылдады.
Адаптивті таеквондо секциясы алғаш рет 2017 жылы "Тең мүмкіндіктер әлемі" мүмкіндігі шектеулі балалар ата-аналарының қоғамдастығымен "Саламатты болашақ" әлеуметтік жобасы шеңберінде осы балалардың ата-аналарының бастамасымен ашылды. Ол кездері секцияда барлығы 9 бала ғана болды. Бүгінгі күнде секцияға денсаулық жағдайы мен дамуында әртүрлі шектеулері бар 27 бала қатысады. Жас паратаеквондошылардың ерік-жігері мен жеңіске деген мықты рухы олардың баға жетпес серігіне айналды.
Осы жоба шеңберінде басқа да бочча, адаптивті жүзу, паракаратэ, хореография, голбол сияқты адаптивті секциялар ашылған болатын. Мұнда жыл бойы ерекше қажеттілігі бар 150 бала спорт арқылы өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра отырып, қоғамға үйреніп, жалпы өмір сүруге деген бейімділіктерін арттыра түседі.
Осы айтылғандардың барлығы жобаның басты серіктесі "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауының арқасында жүзеге асып отыр.
Жобаға басқа да біздің әлеуметтік серіктестер атсалысып отыр. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорттық секцияларды ұйымдастырып отырған базаларды айтуға болады. Осы адаптивті таеквондо секциясын ашуға қол ұшын созған "Каспий" спортты дамыту қоры" серіктестігі негізінде біздің балаларымыз паралимпиялық жаттықтыру орталығында дайындалып, өздерінің спорттық шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алып жатыр, - дейді "Тең мүмкіндіктер әлемі" мүмкіндігі шектеулі балалар ата-аналарының қоғамдастығы төрайымы Нұргүл Ұлжекова.
Бүгін менің оқушыларым үшін, әсіресе, ментальдық ауытқуы бар балалар үшін ерекше күн. Өйткені, олар алғаш рет белбеуді қорғау аттестациясынан өтті. Біз оған ұзақ уақыт бойы аса зор дайындықпен келген болатынбыз. Кез-келген жаттықтырушының жұмысында ең бастысы спорттағы нәтижесі. Ал бүгін біз барлығымыз бірлесе отырып, барлық баланы "ерекше балалар" мен сау деп бөліп-жармай жаттықтыруға болатынын дәлелдедік, - деп аяқтады сөзін секция жаттықтырушысы Мирас Тюлюбаев.