Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Лукойл" шетелдік активтері бар еншілес компаниясын сатады: Қазақстандағы жобаларға әсер ете ме?

Бүгiн, 12:52
161
Бөлісу:
 SCANPIX/AFP/NIKOLAY DOYCHINOV
Фото: SCANPIX/AFP/NIKOLAY DOYCHINOV

"Лукойл" жария акционерлік қоғамы (ПАО) америкалық Carlyle инвестициялық компаниясымен LUKOIL International GmbH компаниясын сату жөнінде келісім жасасты. Бұл – компанияның шетелдегі активтеріне иелік ететін 100% еншілес ұйым, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі компанияға сілтеме жасап.

Алайда бұл келісім аясында "Лукойлдың" Қазақстан Республикасындағы активтері сатылымға кірмейді.

Бұл мәміленің ауқымына Қазақстан Республикасындағы активтер кірмейді. Олар "Лукойл" тобының меншігінде қалады және тиісті лицензия аясында өз қызметін жалғастыра береді, – деп атап өтті компания.

"Лукойл" өкілдері жасалған келісімнің эксклюзивті емес екенін және бірнеше шарттың орындалуына байланысты екенін нақтылады. Оның ішінде реттеуші органдардың рұқсатын алу да бар.

Жасалған келісім Компания үшін эксклюзивті болып саналмайды және бірқатар кейінге қалдырылатын шарттардың орындалуына байланысты, оның ішінде қажетті реттеуші келісімдерді алу, соның ішінде АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасынан (OFAC) мәміле жасауға рұқсат алу талап етіледі, – делінген релизде.

Сондай-ақ компания өзге де әлеуетті сатып алушылармен келіссөз жүргізуді жалғастырып жатыр.

Компания басқа да ықтимал сатып алушылармен келіссөздерді жалғастыруда, – делінген хабарламада.

"Лукойлдың" түсіндіруінше, LUKOIL International GmbH-ті сату шешімі сыртқы шектеулерге байланысты қабылданған.

LUKOIL International GmbH-ті сату "Лукойл" ЖАҚ және оның еншілес ұйымдарына қатысты кейбір мемлекеттер енгізген шектеу шараларымен байланысты, – деп мәлімдеді компания.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Қазақстанның мұнай-газ саласына 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйғанын, 94 миллион тонна мұнай мен 60 миллиард текше метр газ өндіргенін атап өткен еді. Сонымен қатар, компания әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа шамамен 300 миллион доллар бөлген.

Сондай-ақ Президент 30 жыл ішінде Қазақстан мен "Лукойл" ынтымақтастық жолынан сүрінбей өткенін айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы