Қазақстанда алтынның заңсыз айналымы фактілері бойынша 2020 жылдан 2023 жылға дейін 7 қылмыстық іс тергелді, оның 4-еуі сотқа жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шығын 1,5 млрд теңгеден асты. Сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысының атына осы мәселе туралы депутаттық сауал жолдады.
Бас прокуратураның мәліметінше, ішкі істер органдары бағалы металдардың заңсыз айналымы мен өндірілуі және ұрлануына байланысты соңғы 4 жылда 133 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеген. Қазіргі уақытта еліміздің аумағында 42 алтын өндіруші кәсіпорын бар. Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты бойынша 2020-2023 жылдар аралығында алтынның заңсыз айналымы деректері бойынша 7 қылмыстық іс тергеліп, 4 іс сотқа жолданды. Шығын 1,5 млрд теңгеден асты, - деді Андрей Лукин.
Депутат заңсыз алтын іздеушілер тапқан алтын өнімдерін сатып алумен айналысатын қылмыстық топты жою туралы 2023 жылдың қарашасындағы істі мысалға келтірді. Онда осы алтыннан жерасты цехтарында жасалған бұйымдар белгілі брендтердің атымен Астана мен Шымкент сауда үйлерінде сатылатын болып шықты. Тінту барысында 1 кг-нан астам алтын мен 100 бұйым тәркіленді. Сенатор мұндай заңсыздықпен күресу үшін алтын кеніштеріне бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.
Шамалап бағалаған кезде заңды өндірілген әрбір үш тонна алтын заңсыз өндірілген бір тоннамен қатар жүретін болып шықты. Бұл еліміз көлеміне шаққанда жылына шамамен 25 тонна заңсыз өндірілген алтын болып отыр. Бұл мәселені шешудегі негізгі шаралардың бірі – объектілерде бақылауды күшейту болып табылады. Оның ішіне қосымша бейнебақылау камераларын орнату, шахта ұңғыларына талшықты-оптикалық желі байланысын салу, кіру алаңына бақылау жүйесін енгізу, тексеру кешенін пайдалану, қосақты қоршау орнату, автоматты түрде анықтау аспабын енгізу және басқа да қауіпсіздік шаралары кіреді, - деді сенатор.