Ұлттық банк: «7-20-25» дамуына басты кедергі - жаңа тұрғын үйлердің жетіспеуі

12 Наурыз 2019, 16:52
3245
Бөлісу:
Ұлттық банк: «7-20-25» дамуына басты кедергі - жаңа тұрғын үйлердің жетіспеуі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық банкі Қаржы нарығының әдіснамасы департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев еліміздің ипотекалық несие нарығы, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасы жайлы айтып берді.

«Жалпы, «7-20-25» бағдарламасы жақсы қарқын көрсетіп отыр. 2019 жылғы 6 наурыздағы жағдай бойынша, 70 млрд теңге сомасына 6 мыңға жуық өтінім мақұлданды. Бұған қоса, 56 млрд теңгеге 4700 заем берілді. Ұлттық банктің пікірінше, «7-20-25» бағдарламасының дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі фактор – елімізде жаңа тұрғын үйлердің жетіспеуі. Бұл әсіресе өңірлерде қатты сезіледі. 2019 жылы баспанаға болжам бойынша сұраныс шамамен 16 мың пәтерді құрайды. Біз әкімдіктер «70-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер ұсынысын арттырады деп үміттенеміз. Бұл үшін біз баспана құрылысын қаржыландыру механизмдерін қарастырдық. «Баспана» ипотекалық ұйымы әкімдіктердің муниципалды облигацияларды сатып алуын қаржыландыру үшін 150 млрд теңге бөлуге дайын. Қазіргі таңда бұл мүмкіндікті Шымкент қаласының әкімдігі пайдаланды, ол 10 млрд теңге тартты», - деді Дәурен Сәлімбаев.

Маманның айтуынша, 2018 жылғы желтоқсанда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жекеменшік құрылысшылар салған үйлерді сату ережелеріне өзгерістер енгізілді.

«Енді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған баспана «7-20-25» аясында да қолжетімді. Бұл шара бағдарлама шарттарына сай келетін жаңа үйлер көлемін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Дәурен Сәлімбаев Сенаттағы дөңгелек үстел барысында.

Бұған дейін ипотекалық тұрғын үй несиелер көлемі бір жылда 18%-ға артқанын хабарлаған болатынбыз.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы