Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елде енгізілген төтенше жағдай мен карантин тәртібі кезінде Ұлттық кеңестің жұмысы тоқтап қалмады, керісінше оның аясында қызу жұмыстар өтіп жатыр, деп жазды президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында.
Ұлттық кеңестің мүшелері жаңа заң жобалары бойынша жұмыс топтарындағы талқылауға қатысуда. Атап айтқанда, Мұхтар Тайжан, Ерлан Саиров, Асылбек Қожахметов, Асхат Садырбай, Марат Башимов, Мұрат Әбенов Мәжілісте қаралып жатқан бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының он-лайн талқылауларына күнделікті қатысып, өз ұсыныстарын енгізуде. Соның арқасында, жаңа заң жобасының көптеген нормалары одан бетер жетілдіре түсті. Одан басқа, Мәжілісте қазір Ұлттық кеңестің екінші отырысында Президент көтерген басқа да бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған заң жобалары қаралуда, - делінген жазбада.
Ұлттық кеңес мүшелері Ерлан Саиров пен Айдос Сарым Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау мақсатында құрылған "Birgemiz" қорының Қамқорлық кеңесінің құрамына еніп, әлеуметтік жобалардың тиімді іс жүзіне асуына ат салысатын болады.
Ұлттық кеңес мүшелері еліміздің түрлі өңірлері мен аймақтарында коронавируспен күрес шараларының тиімді ұйымдастыруын қадағалауда. Мысалы, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Шибутовтың араласуымен жүк тасымалын кедергісіз қамтамасыз ету сияқты осындай бірқатар мәселелер шешімін тапты. Айдос Сарым басылымдардың күй жағдайы, тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының жиеленуіне байланысты мәселе көтерді. Немесе, Ұлттық кеңестің мүшесі Асылбек Қожахметов Ақмола облысының жедел әрекет ету штабының жұмысымен танысып, өз ұсыныстарымен бөлісті. Сонымен қатар, президент кеңесшісі Бағдат Мусин бастаған топ (Рауан Кенжехан, Саясат Нұрбек, Мұрат Әбенов) мектептердің қашықтан оқу мәселесін ұйымдастыруға араласты, - деп жазды ол.
Одан басқа, Ұлттық кеңес мүшелері (Асхат Садырбай, Ерлан Саиров, Айнұр Сабитова) түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруға ат салысуда. Белгілі құқықорғаушы, адвокат Айман Омарова Жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен бірлесіп тұрғындарға құқықтың консультация жобасын бастады.
Ұлттық кеңестің Экономикалық тобының мүшелері Рахым Ошақбаев, Ораз Жандосов, Төлеутай Рахымбеков дағдарысқа қарсы шаралардың сараптамасын әзірлеуде. Олардың бірқатары Мемлекет басшысы жария еткен шараларда көрініс тапты.Сонымен қатар, Ұлттық кеңес мүшелері Жәнібек Қожық, Айгүл Орынбек, Дәурен Қуат, Жеміс Тұрмағамбетова және тағы басқалары жергілікті және орталық атқарушы билік органдарының алдында қалыптасқан жағдайға байланысты түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне оң ықпалын тигізуде. Бұл тек кейбір атқарылып жатқан жұмыстардың бір шеті, - делінген жазбада.