Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында вице-премьер Жеңіс Қасымбек елордадағы LRT құрылысын аяқтау үшін «Астана банкінің» бұғатталған қаржысын алу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
«Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті көлік жобасын жүзеге асыру қазіргі уақытта елорда әкімдігінің «Проблемалы кредиттер қорымен», Ұлттық банк және Қаржы министрлігімен бірге «Астана банкінің» бұғатталған қаржысын алу мәселесін қарастыруда. Жобаны одан әрі іске асыру мәселесі 24 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қаралатын болады», - дейді Жеңіс Қасымбек.
Вице-премьер құрылыс нысанын аяқтау жөнінде президент тапсырма бергенін атап өтті.
«Алдағы уақытта әкімдік осы жобаны жүзеге асырудың нұсқаларын ұсынады. Мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысы бойынша толық ақпаратты беретін боламыз. Жоба аяғына дейін жеткізіледі, нысанды тапсыру мерзімі алдағы жылдың соңына белгіленіп отыр», - деді ол.
Айта кетейік, 15 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың LRT құрылысы дұрыс жоспарланбағанын айтқан еді.
«Енді осы уақытқа дейін кеткен шығын мен халықаралық міндеттерді ескере отырып, ол жобаны тоқатуға болмайды. Алайда салдарын түсіну керек. Үкімет пен елорда әкімдігіне аталған мәселеге нүкте қоюды тапсырамын. Нақты ұсыныстар берілсін. Ал жобаны ұсынған жауапты тұлғалар бақылаушы органдардың сұрақтарына жауап беруі керек. Сосын Парламент депутаттары да өз пікірін айтуы қажет», - деген болатын Тоқаев.