Лондонда ескі көлік иелері салық төлейді

1 Тамыз 2023, 09:26
377
Бөлісу:
Лондонда ескі көлік иелері салық төлейді

Қала әкімшілігі орталыққа ғана емес шеткі аудандарға да бас сұққан ескі көлік иелерінен ақы талап еткелі жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап. 

Жоғарғы сот бұл бастаманы заңды деп тапты. Лондонда тозығы жеткен көлік иелері қала орталығына кіргені үшін 2019 жылдан бері лас ауа салығын төлеп келеді. Күн сайын шамамен 13 стерлинг фунттан, бізше 7 мың теңгесінен қағылғысы келмегендер қоғамдық көлікке мініп немесе орталықты сырт айналып өтуге мәжбүр болды. 

Нәтижесінде қоршаған орта айтарлықтай тазарды. Енді шаһар басшысы лас ауа салығын шеткі аймақтарға да енгізіп отыр. 29 тамыздан бастап экологияны ластайтын көліктер қала шетінде жүрсе де ақша төлеуге міндетті. 

Шешім қабылдау оңайға соқпады. Бірақ жыл сайын 4 000 мыңнан астам Лондон тұрғынының мерзімінен бұрын қайтыс болуы тікелей лас ауамен байланысты. Балалар тыныс алудың айықпас ауруларымен ауырып жатыр. Ересектер астма, қатерлі ісік сияқты дерттерге душар болып жатыр, - деді Лондон қаласының мэрі Садик Хан.

Бұл бастама үкімет басшысының да, қала тұрғындарының да алаңдаушылығын туғызды. Олар заң органдарына шағымданып, жеңіліп қалды. Жоғарғы сот Садик Ханды қолдап, шешімін дұрыс деп тапты. Наразылардың пікірінше, инфляцияның шарықтаған шағында лас ауа салығын енгізу халықты қанаумен тең. 

Өзгелердің жаңалығы