2025 жылғы 28 ақпанда "World Wide Minerals" канадалық уран компаниясының Қазақстан Республикасына қарсы талап қоюы бойынша 2013 жылдан бері жалғасып келе жатқан дауға нүкте қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Лондон соты Қазақстан талап иелеріне шамамен 65 млн АҚШ долларын төлеуге тиіс болған 2024 жылғы шешімнің күшін жойды.

"World Wide Minerals" (WWM – ред.) талаптары ҚР Үкіметінің 1997 жылы уран экспортына лицензия беруден бас тартуына және Тың тау-кен химия комбинатын (қазіргі Степногорск тау-химия комбинаты) сенімгерлік басқару келісімшартын бұзуына негізделген еді. Соттың 2025 жылғы шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының WWM алдында ешқандай міндеттемесі жоқ.
Айта кету керек, ағылшын сотында шағымдану стандарттары өте жоғары және осы негіздегі даулардың 2% - дан азы ғана қайта қаралып кері шешім шығарылады.
Осылайша, ҚР Әділет министрлігінің, мемлекеттік органдардың және ҚР Үкіметінің консультантының үйлесімді жұмысының арқасында елеулі бюджет қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ елдегі инвестициялық ахуалдың тартымдылығын және Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы имиджін сақтауға мүмкіндік туды.