Алматы, BAQ.KZ. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбардтардың есептік тіркеуден өтуі үшін құжаттарды тапсырудың жаңа мерзімдері белгіленгенін мәлімдеді.
Төтенше жағдайға және карантин кезеңінде қызметті жүзеге асыруға тыйым салуға байланысты, агенттік микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың есептік тіркеуден өтуі үшін құжаттарды тапсыру мерзімдерін республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында 2020 жылғы 1 маусымға дейін және басқа елді мекендер үшін 2020 жылғы 15 маусымға дейін ауыстыру турал шешім қабылдады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін агенттік есептік тіркеуден өту үшін құжаттарды тапсыру мерзімін ірі қалалар үшін – 2020 жылғы 1 мамырдан кешіктірмей және басқа өңірлер үшін 2020 жылғы 1 маусымнан кешіктірмей белгілеген болатын.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарға қарыздар беретін барлық кредиттеу субъектілерінің қызметін реттеу енгізілді. 2020 жылғы 1 шілдеге дейін барлық көрсетілген субъектілер, оның ішінде ломбардтар, кредиттік серіктестіктер және онлайн-кредиттеу компаниялары микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар ретінде агенттікте есептік тіркеуден өтуге тиіс,-делінген хабарламада.
Агенттік басқармасының қаулысымен ломбардтар үшін жарғылық және меншікті капиталдарға қойылатын жаңа талаптарды белгілеу мерзімдері ауыстырылған.
Заңды тұлғалар ретінде 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында немесе облыс орталықтарында өз қызметін жүзеге асыратын ломбардтар үшін, жарғылық және меншікті капиталдардың ең төменгі мөлшері 10 000 000 (он миллион) теңгені, өзге өңірлерде 5 000 000 (бес миллион) теңгені құрайды.
Заңды тұлғалар ретінде 2020 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелген, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында немесе облыс орталықтарында өз қызметін жүзеге асыратын ломбардтар үшін, жарғылық және меншікті капиталдардың ең төменгі мөлшері 70 000 000 (жетпіс миллион) теңгені, өзге өңірлерде 30 000 000 (отыз миллион) теңгені құрайды.