Ливан премьер-министрі Наваф Салам 9 сәуірді Израильдің әуе шабуылдарынан қаза тапқандарға байланысты ұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, шабуылдар салдарынан 254 бейбіт тұрғын көз жұмған. Премьер-министр үкіметтік мекемелерді, қоғамдық ұйымдар мен муниципалитеттерді уақытша жабуды бұйырып, ел бойынша мемлекеттік туларды түсіруді тапсырды.
Сондай-ақ радио мен теледидар хабарларының кестесі өзгертіледі. Наваф Салам қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жараланғандардың тез сауығып кетуін тіледі.
Премьер-министр халықаралық серіктестермен байланысын жалғастырып, қақтығысты тоқтату бағытындағы жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді.