Астанадағы психоневрологиялық диспансерде санитар 14 жастағы шизофрения диагнозы қойылған жасөспірімді қатыгездікпен ұрып-соқты деген ақпарат тарады. Бұл туралы "Ерекше балалар ата-аналары одағы" астаналық филиалының жетекшісі Гүлсан Мауйна мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еске салсақ 14 жастағы жасөспірім 5 жастағы балаға лифтіде пышақпен шабуыл жасап, кейіннен ауруханаға жатқызылған. Ол ересектер бөлімшесіне орналастырылған.
Гүлсан Мауйнаның айтуынша, сонда оны ұрып-соғып, қорлаған. Санитарлар балаға күш көрсетіп, балағат сөздер айтып, кітаппен ұрған. Оқиға бейнебақылау камералары орнатылмаған палатада болған.
Оны екі санитар ұрған, яғни бірі қолынан, бірі кітаппен ұрған. Бала қорқып, төсекке тығулуға мәжбүр болған. Бүгін сот-медициналық сараптама өтті, алайда жарақаттан кейін 2 күн өтіп кеткен. Барлық соққы белгілері кетіп үлгерген. Бұған қоса, сараптама басқа медициналық орталықта жасалуы керек еді, алайда ол бала жатқан орталықтың өзінде істелді, - деп шағымдаднды Гүлсан Мауйна.
Жасөспірімнің анасы полицияға арыз жазып, сот-медициналық сараптама жүргізуді талап етті.
Кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салу фактісі бойынша тексеру жүргізілуде. Бұл оқиға Алматы ауданы полиция басқармасында тіркелді. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданады, – деп мәлімдеді Астана қаласы ПД өкілдері.
Алайда Қалалық психикалық денсаулық орталығы баланы тексеру кезінде ешқандай дене жарақаты анықталмағанын хабарлады. Анасының шағымынан кейін ауруханаға полиция қызметкері келіп, кезекші дәрігер мен медбике баланы қарап, анасының келісімімен фотофиксация жүргізген.
Дене жарақаттарын тексеру барысында терісі таза, бүтіндігі бұзылмаған, науқастың көрсеткен жерлерінде көгерулер мен ісінулер анықталған жоқ. Науқастың анасы түсіндіру жұмыстарына қатысып, полиция қызметкерлері мен медицина мамандары оған баланың денесінен жарақат белгілері табылмағанын хабарлады, – деп мәлімдеді орталық.
Ертең сот-медициналық сараптама өтеді, оның нәтижелері қосымша хабарланатын болады. Бұл іс қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.
Еске сала кетсек, Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде шабуылға ұшырап, бетінің жұмсақ тіндеріне көптеген кесілген жарақат алған 5 жасар бала №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылған болатын.
Мәжіліс депутаты осы оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.
13 ақпанда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осы оқиғаға кінәлі кәмелетке толмаған балаға не болғаны жайлы айтты.