Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ЛГБТ насихатына қандай тыйым салынуы мүмкін? Депутат түсіндірді

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
29 Қазан 2025, 13:30
659
Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына қатысты заң жобасының мәдениет, балалар құқығы және онлайн контентке әсері туралы өз ойын бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, әзіл-сықақ та мәдениетті, әдепті түрде берілуі тиіс.

Жоғары мәдениет ел болсақ, белден төмен, қоғамға жат тақырыптарды сахнаға шығарып әзілдеу мәдениет төмендігі болып саналады. Әзілді әдемі, дұрыс контексте жеткізу керек, – деді ол.

Жаңбыршин заң жобасының бірнеше заңнамалық салаларды қамтитынын атап өтті. Олар: балалардың құқығын қорғау, мәдениет, кинематография, онлайн-платформа, жарнама және масс-медиа. 

Бұған дейін де порнография, зорлық-зомбылық пен балаларға зиян келтіретін контентке тыйым салу нормалары болған, ал жаңа түзетулерге дәстүрлі емес жыныстық қатынастар мен педофилияны насихаттауға тыйым салу қосылды.

Заң жобасында әкімшілік жауапкершілік қарастырылып отыр: айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе қысқа мерзімге қамау. Қайталанған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі бар, – деді депутат.

Ол сондай-ақ жеке өмірдегі таңдаулар мен қоғамға жария түрде шығу арасындағы айырмашылыққа тоқталды.

Адам үйінде не істейтіні өз еркі. Бірақ егер қоғамға шығып, өз іс-әрекетін насихаттаса, бұл заң тұрғысынан насихат болып есептеледі, - деп айтты депутат.

Еділ Жаңбыршин халықаралық тәжірибеге де сілтеме жасап, ұлттық мәдени құндылықтарды қорғаудың конвенциялық құқықтық негізі бар екенін атап өтті.

Әр мемлекет өз ұлттық мәдениетін, тарихи және дәстүрлі құндылықтарын қорғауға құқылы. Бұл бағыттағы шаралар тек сырттан келетін идеологиялық ықпалдарға қарсы бағытталған, – деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы