Астана, BAQ.KZ. Алматыда instagram қолданушыларының сеніміне кіріп, ақшаларын жымқырған 23 жастағы алаяқ жігіт ұсталды. Бұл туралы Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Ұсталған А.есімді азамат «Olimp_bets_kzzz» парақшасындағы өз оқырмандарына букмекерлік кеңселерге ақша тігу арқылы соманы көбейтіп беруді ұсынған. Бір қызығы, «салған ақшаларын» 10 есе көбейтіп алғысы келген адамдар, парақшаның әкімшісі айтқан киви әмиянға ақша салған.
«Қазіргі уақытта күдікті А. есімді азаматтың артында 4 қылмыстық эпизод бар. Жалпы алғанда, қаскөй алаяқтық әрекеттері арқылы азаматтарды шамамен 6 миллион теңгеге алдаған. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-тармағы 2-бөліміне сәйкес, «Алаяқтық жасау немесе пайдаланушының ақпараттық жүйеге деген сенімін асыра пайдалануы» алдын ала тергеу тіркелді», - дейді Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Есен Ысқақов.
Сонымен қатар, Алматы полициясы әлеуметтік желідегі жоғарыда көрсетілген парақша иесінің қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды мына телефон нөмірлері бойынша хабарласуларын сұрайды: 298-51-36; 8-747-818-31-99 немесе 102.